Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Ақордада кеңес өткізіп, еліміздің қаржы секторының ахуалын жауапты басшылармен бірге талқылады. Сондай-ақ, Ұлттық банктің 2013 жылғы және 2014 жылдың алғашқы тоқсанындағы есебі тыңдалды. Президенттің сипаттауынша, қазір елдегі қаржы секторының дамуын тұрақты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономикадағы несиелер өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсті. Халықтың депозиттерінің көлемі 10 триллион теңгеге жетті. Біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің кепілі болып саналатын Ұлттық қордың қаражаты бір жыл ішінде 22 пайызға дерлік артып, 70 миллиард долларға ұлғайды. Зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктіру процесі аяқталды. Сақтандыру нарығы да өсіп жатыр, оның активтері есепті кезеңде 18 пайызға артты. Қаржы саласын одан әрі нығайтуда жүйелі қадамдар жасау үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл жұмысты биылғы маусымға қарай аяқтау керек.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қаржы-несие саясатын іске асыру және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкіметке бірнеше тапсырма жүктеді.
Олар екінші деңгейдегі банктер портфеліндегі жұмыс істемейтін несиелерді азайту, банк секторын Базель III капиталы стандарттарына өткізу, қаржылық қызметтегі тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту және сапаны арттыру, сондай-ақ, құнды қағаздар нарығын дамыту туралы тапсырмалар.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ