Қазақстан-Ресей-Беларусь экономикалық одағының тиімді тұсы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Ресей-Беларусь экономикалық одағының тиімді тұсы қандай?

13.04.2014
Қазақстан-Ресей-Беларусь экономикалық одағының тиімді тұсы қандай?
«Бүгінде ешкім тұйық кеңістікте өмір сүрмейді. Егер ресейлік нарық бізге барлық бағыттар бойынша ашылатын болса, еліміздегі өнім шығару уақыт өте келе 8 есе ұлғаяды».
 
Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше айтқан сөзі. Қазақстан-Ресей-Беларусь үштігі арасындағы интеграциялық процестерге қарата айтқаны. Қазір Қазақстан кәсіпкерлері 170 миллиондық үлкен нарыққа әзірленіп жатыр.
 
Рас, бәсеке көбейіп, біздің бизнес ойсырап қалмай ма деген күдік бар қоғамда. Бірақ, сарапшылардың дені басқаша айтады. Қазақстанда кәсіпкерліктің қанаты қатайды, өзара бәсекелестік бар, жат жұрттың да нарығына шығардай қауқарлы. Қалайда өзімен-өзі жарысқан озбайды да қалмайды, үлкен бәсеке керегі керек-ақ. Өйткені, сапа сол кезде ғана пайда болмақ.
 
Бүгінгі күні әлемде 300-ге жуық одақ, яғни, еркін сауда аймақтары дамып келе жатыр. Тіпті, Африка, Араб елдері де бірігіп жатыр. Себебі, жаһандану!
 
Сағындық Сатыбалдин, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Интеграция деген не? Жаһандану заманында бір мемлекет жеке өмір сүре алмайды. Қандай мемлекет болсын. Тіпті, қазір Америка да өмір сүре алмайды. Сондықтан интеграция керек.
 
Кедендік одақ кәсіпкерлерге - кең өріс болды. Енді дамып, экономикалық одаққа айналмақ. Алыс-беріс, барыс-келіс артып, кедергілер азаймақ. Тек, бәсекеге қабілетті бола біл. Еуразиялық одақ құрылып жатса, экономика тек сол тар шеңберде қалмайды. Әлемнің кез келген елімен сауда әріптестік байланыстар үзілмек емес.
 
Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры:
Біз енді кіммен бірігеміз? Қытаймен бірігеміз бе? Жанымызда тек қана Ресей. Ресейдің 12 аймағы бізбен байланысты. Біздің 8 облыс Ресеймен байланысты. Мәселе біреудің қолтығына кіру емес, мәселе Қазақстанның проблемасын бірге шешу.
 
Қазақстанда экспорттан импорт басым. Президент мораторийді бекер жариялаған жоқ. Ісін ұлғайтсын, сапаны көтерсін, қауқарын арттырсын деген тілек. 2015 жылы мүлде басқа бизнес климат қалыптасуы қажет. Өз тауарларымызды қорғаудың жолдары көп деп отыр.
 
Ерлан Стамбеков, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:
Біз кәсіпкерлер палатасында отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін белсенді жұмыс жүргізудеміз. Өзіміздің кәсіпкерлердің де сапалы тауар шығарып жүргенін көрсеткіміз келеді. Расымен де, Ресей мен Қытайдың бізге жақын аймақтарында қазақстандық тауарлар танымал. Сапалы әрі құрамында денсаулыққа зиянды химиялық қоспалары аз деп есептеледі, үлкен сұранысқа ие.
 
Бүгінде қоғамдық пікір тудырып отырған маңызды мәселеге болашақ саясаттанушылар не дейді? Жастардың да пікірін білдік.
 
Қуаныш Күрішбеков, студент:
Еуразиялық одаққа Қазақстанның кіруін жаһандық тұрғыда қарайтын болсақ, бұл өзінің оң жақ әсерлеріне ие болады. Қазақстанға әлемдік стандарттарға сай тауарлар енеді. Біздің халық дәл қазіргі ақшаға еуропалық сапалы заттарды ала алады деген сөз. Бір жағынан бұл отандық тауарларды жойып жіберуі мүмкін.
 
Нұрболат Нышанбай, студент:
Кез келген одақ мемлекеттердің өзара тиімді жұмыс істеулері үшін құрылады. Біздің басты мүддеміз - осы одаққа кіре отырып, экономикалық-саяси басымдықтарға ие болу. Қайта отандық кәсіркерлер сапалы тауар шығаруға тырысатын болады. 
 
Еуразиялық одаққа - саяси сипатсыз экономикалық тұрғыда қарау ләзім. Мамыр айында 3 ел келісімі бекуі бек мүмкін. Алда үлкен нарық тұр.
 
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу