Қазақстан халқы Ассамблеясы XXI сессиясына қызу дайындық жүргізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы XXI сессиясына қызу дайындық жүргізілуде

13.04.2014
Қазақстан халқы Ассамблеясы XXI сессиясына қызу дайындық жүргізілуде
«Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын...» Жанжал тұрған жерде ырыстың болмайтыны анық дүние. Сондықтан, кез келген мемлекеттің ірге бүтіндігі, бейбіт тірлігі береке-бірлік деген діңгекке қазықпа шалып, байланып тұр.
 
Келер жұма күні Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы өтеді. Сессияға еліміздің барлық өңірінен 406 делегат қатыспақ. Әдеттегідей Ассамблея мүшелері, депутаттар, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері шақырылған. Сондай-ақ, шет мемлекеттердің дипломаттары да қатысады.
 
XXI сессия «Қазақстан - 2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыппен айшықталмақ. Қазір делегаттар алдағы саяси салмағы үлкен шараға мейлінше дайындалып жатыр.
 
Видади Салаховтың шаңырағы шағын ассамблея. Өзі 18 жасында Қазақ жеріне келіпті, тағдырдың жазуы дейді бұндайда.
 
Видади Салахов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Қазақстан - менің Отаным. Қазақстан - түрік дүниесінің отаны. Түркілер атажұрт дейді. Қазақстан, Алтай топырағын атажұрт дейді. Бұл - менің атажұртым.
 
Қазақстан - сан ұлысқа Отан болып отырған құтты мекен. Бұл - факт. Ал, ассамблея сол құтты мекендегі татулыққа сызат түспесе екен деп тілейтін ұйым. Сол ұйым қазір хатшылығы бар, депутаттары бар, күнделікті жұмыс істейтін сарапшылары бар, бағдарламасы бар, қаржысы бар үлкен институтқа айналды.
 
Видади Салахов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Елбасымыз түркі дүниесінің үлкен саясаткері. 20 жыл бойы тыныштық, бірлік деген саясатын жүргізді. Соның арқасында Қазақстанда тыныштық бар, экономикалық даму бар. Сондықтан, тыныштықты көздің қарашығындай қорғау керек.
 
Видади Салахов - ассамблеяның бастауында тұрған азаматтардың бірі. Бірде -бір сессиясынан шет қалған жоқ. Биыл да дайын. Жүрген жерінде жастарға бірліктің бағасын, тыныштықтың қадірін ұғындыра жүруді азаматтық парызы санайды. 
 
Видади Салахов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Жастар білсін. Бір мемлекетте, бір үйде тыныштық болмаса, ол жерде нан болмайды. Бізде мақал бар, тыныштық жоқ жерде, нан таппайсың деген.
 
Дүниядар Абдуллаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрiк этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Мемлекеттік тіл, ынтымақ. Қазақстанда тұрғаннан кейін елге де құрмет болуы керек, тілге де құрмет болуы керек, татулық болуы керек. Болмаса, ешқандай ел озбайды. «Бірлігі жоқ ел - тозады».
 
Бұл – «Қазақстан дүние тұрғанша тұрсын», деп тілейтін Дүниядар ақсақал. Ассамблеяның белсенді мүшелерінің бірі. 
 
Дүниядар Абдуллаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрiк этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Ассамблея құрылғанға дейін мәдениет орталықтарын ашқанбыз. Бірақ, олар әр ұлттың өз проблемасымен шұғылданып, бір-бірімен жақындасуға еш маңызы болмаған. Ассамблея ашылғаннан кейін бұл мәдени ошақтар бір-бірімен жақындасып, проблемасын шешіп, дос-бауыр болып кетті. Бұл жұмыс әрқашан жалғаса беруі керек.
 
Дүниядар Абдуллаев ассамблеяның әр мүшесі жарғыны жақсы білуі тиіс, жарғымен жүріп-тұруы тиіс деп санайды. Татулығы жарасқан елде заң үстемдігін орнату жеңіл, дейді Дүниядар дәрігер. Ал бірлік заңға бағынса мызғымайтын тірлік!
 
Дүниядар Абдуллаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрiк этно-мәдени бiрлестiгiнiң төрағасы:
Халықтың бірлігі бәрімізге де керек. Бүкіл әлем біздің тәжірибемізді үйреніп отыр. Мақтанышымыз десек те болады.
 
Дүниядар Абдуллаев та алдағы сессияға әзірленіп жатыр. Ұсыныс-пікірі мен пайым-байламын алқалы отырыста айтпақ. Ұрпақ қамын бүгін ойлаған абзал дейді ақсақал.
 
Ал, Князь Мирзоев 21-ші сессияны ұйымдастырудың басы-қасында жүр. Өйткені, Төраға орынбасарларының бірі.
 
Князь Мирзоев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Ассамблея конституциялық мәртебеге ие болды. Бұрынғыдай тек қана кеңесші орган емес. Саяси ұйым емес. Бірақ, саяси міндеттер бар әлі де. Халық арасында жиі болуымыз керек.
 
Князь Мирзоев қызметінің барысында игі-жақсылармен көп дәмдес болды. Осы ретте БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунның пікірін жиі еске салады. Мәртебелі саясаткер Қазақстан халқы Ассамблеясын - Біріккен Ұлттар Ұйымының шағын моделіне теңеген екен.
 
Князь Мирзоев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Қазақстан Халқы ассамблеясы - теңдессіз институт. Ешқандай жерде, ешбір елде жоқ жоба. Ассамблея бәрінің басын қосты. Түр-түсіне, тілі мен діліне бөлінбей тірлік кешкен тату ұлты бар ел бақытты. Біз әрқашан ұлтаралық қатынас, татулық, бірлікті қолдаймыз.
 
Сонымен, қазір сессияға әзірлік жүріп жатыр. Енді бес күннен кейін Астанада алқалы жиын өтеді. Ортақ тақырып - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050 стратегиясы».
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу