Атбасардағы тасқын судың беті қайта бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасардағы тасқын судың беті қайта бастады

13.04.2014
Атбасардағы тасқын судың беті қайта бастады
Атбасардағы тасқын судың беті қайта бастады. Шағын қаланың іргесіндегі Жабай өзенінде су деңгейі 6 метрге көтеріліп еді, кеше 4 метрге төмендеді. Ұзын-ырғасы 450 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. 400-ден аса үйге қызылсу кірген.
 
Атбасардың ахуалы тек облыс әкімдігінің ғана емес Үкіметтің назарында. Кеше бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев барды. Су жайылған аумақты әуеден бақылаған өкімет өкілі тұрғындармен кездесіп, арнайы жиын да өткізді.
 
Ал негізі Атбасарда су тасқынынан зардап шеккендерге жүйелі көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылған. Жергілікті және республикалық деңгейдегі төтенше жағдай қызметінің өкілдері ахуалды мейлінше назарда ұстап отыр. 517 маман, 87 техника, 12 қайық және су соратын арнайы станция жұмыс істеп тұр.
 
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Бүгінгі таңда 44 үй құлаған. Соны қалпына келтіру керек. Сондай-ақ, 195 үй су астында тұр. Тексерудің нәтижесі бойынша оларға көмек көрсетеміз. Үйлерді сатып алу, сату мәселесі бойынша тексеру жасақтарын ұйымдастыратын боламыз.
 
Биыл Қазақстанда қар көп түсті, қызылсу әр өңірді әуреге салды. Әсіресе, Арқадағы аймақтар - Қарағанды, Ақмола облыстарында, Солтүстік Қазақстанда су көп. Ақтөбе, Қызылорда облыстарында да тасқын су жұртты абыржытқаны бар. Ал, еліміздің тиісті органдары қауіп-қатердің алдын-алуға көп күш жұмсады.

Хабарламаларға жазылу