Әскери тәртіппен өмір сүретін отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери тәртіппен өмір сүретін отбасы

13.04.2014
Әскери тәртіппен өмір сүретін отбасы
Қазақтың Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылып еді, уақыт деген арқырап аққан өзендей, биыл 22 жыл. 90-шы жылдардағы тоқырауда жалақының аздығынан қанша білікті деген сардарлар қаруларын тастап, жеке кәсіпке кетті, талай әскери техника жанар-жағармай тапшылығынан ұңғысын тот басып, қаңтарылып тұрды. Қазір әйтеуір заман түзеліп, елдің еңсесі көтерілгелі қазақ армиясының да қанаты қатайып, қауқары артып келеді.
 
Қазақстан Қарулы Күштері 7-ші мамыр күні салтанатты парад өткізбек. Біздегі мәліметтер бойынша қазір әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанның қорғаныс саласы жыл өткен сайын жөнделіп, қауқары артып келеді.
 
Көшпелі, жауынгер ұлттың бүгінгі сарбазы заманына сай икемделген. Біз әскер дегенде, тек сап түзеген сарбаз, бұйрық берген сардарды ғана көзге елестетеміз, ал олардың жеке өмірі, күнделікті тірлігі не болып жатыр? Арман, мұраты ше?
 
Айнұр Омар, тілші:
Бұл - Астана шетіндегі «Үркер» тұрғын үй алабы. Мынау тізілген аппақ үйлерде Қазақстанның қорғаныс саласының қызметкерлері тұрады. Біз де, көрермен де әскери сала мамандарын тек әскери формада, қызмет бабында көруге әбден үйреніп қалғанбыз. Бірақ, бүгін біз қарапайым әскери адамның үйіндегі өмірін көруге келдік.
 
Бұл - Шүкеновтер отбасы. Барлығы Қорғаныс министрлігінің қызметкері. Отағасы Қанат Шүкенов - полковник, оның жұбайы Сандуғаш Шүкенова - прапорщик, қыздары Диана Шүкенова - лейтенант. Кішкентай Камила ғана жай киімде. Бүгін күн сенбі, жұмыстан ерте шықты. 
 
Барлығы бір Отанды қорғағанымен - әртүрлі салада. Отбасы тек сенбі күні әскерше айтқанда «толық құрамда» жиналады. Темірдей тәртіпке үйренген қызметкерлердің қимылы да ширақ. Киімдерін де тез ауыстырды, өздерінің белгіленген «шептеріне» дер кезінде жетеді. Отанасы ас үйде. Тамақ істеуге де, сұхбат беруге де уақыт табады.
 
Сандуғаш Шүкенова, ҚР Қорғаныс министрлігі, Әскери әуе күштері басқармасының бөлім басшысы, прапорщик:
Әскер адамы болған соң, ер-азаматтармен бірге жүресің ғой. Әйел деген жоқ әскерде. Бәріміз бірдейміз.
 
Расында да, әскери өмір жас-кәрі, әйел-еркек деп бөлмейді. Сандуғаш та балаларының кішкентай кезінде талай қиындықты көрген. Бірақ мойымаған, басқа салаға ауысу туралы тіпті ойламапты. Солай да, солай деп жүргенде 13 жыл өте шықты. Бір мүшел...
 
Сандуғаш Шүкенова, ҚР Қорғаныс министрлігі, Әскери әуе күштері басқармасының бөлім басшысы, прапорщик:
Дабыл деп шақырады ғой, сол кезде мына екі баланы қайда тастаймын деп ойлайсың. Тастаған күндер де болды.  Қызым алтыда, ұлым 1,5 жаста еді. Сонда екеуі үйде жарық жоқ, терезеге жабысып қарап тұр ғой. Біз кетіп барамыз. Сапқа тұрғанда ойлап тұрмын, ана екеуі не болады деп. Үйде жарық жоқ, майшам бар. Сол майшам құлап қала ма, мен келгенше не болады деп уайымдадым.
 
Қаладан қалаға көшті, пәтерден пәтер ауыстырды бұл отбасы. Қызмет талабы осы. Бұл үйге 2009 жылы кірген. Қанша тұратындарын кесіп айта алмайды. Бұйрық түскен күні жүгін буып-түйіп тартып кетуге әзір. Тамақ әзір болғанша отағасын сөзге тарттық.
 
Қанат Шүкенов, ҚР Қорғаныс министрлігі бөлім басшысы, полковник:
Жалпы, 150 квадрат. Мынау көше, мынау зал. Үстінде 3 жатын бөлмесі бар. Мына жақта әйелім екеуіміздің бөлмеміз, мынау үлкен қыздың бөлмесі, ал мынау ұлымдікі.
 
Жатақхананың бір бөлмесінде тұрған күндер де болды, дейді Қанат. Қазір бас басына бөлме бар. Шүкіршілік қылады. Қиын күндер артта қалды. Қазақстан қорғанысын қамтамасыз ету ісі жүйеге түсіп келеді.
 
Қанат Шүкенов, ҚР Қорғаныс министрлігі бөлім басшысы, полковник:
Шынымды айтсам, қазір жағдай өте жақсы. Ақша да көтерілді, бұрын қиын болды. 1993-1997 жылдар аралығында Талдықорғанға көштік. Жарық болған жоқ ол жерде. Қазір әскери қызметкерлерге баспана береді. Бұрын ондай болған жоқ ешкімде.
 
Қорғаныс сапындағы жастардың бірі - Диана. Ол формасын жақсы көреді. Үйге келгендегі бірінші жұмысы - киімін мұқият үтіктеу.
 
Қанат пен Сандуғаш қыздарын мақтан тұтады. Өйткені, Диана небәрі 24 жасында Қорғаныстағы қаржы бөлімін басқарып отыр. Сырт қарағанда, нәзік көрінгенімен, сөзі ірі. Көзін ашып көргелі әскери өмір. Бір емес, 9 мектеп ауыстырған.
 
Диана Шүкенова, ҚР Қорғаныс министрлігі орталық ансамблі, қаржы бөлімі басшысы, лейтенант:
Әскери қызметкер өте мәртебелі маман саналады, әсіресе жастар арасында. Жалақы уақытында беріледі, медициналық көмек тегін. Спорт секциялары, бассейн, жаттығу залдары да тегін. Бізді барлық керек-жарақпен қамтамасыз еткен, тіпті киім-кешек, шұлыққа дейін.
 
«Балапан» телеарнасынан көз алмай отырған - осы үйдің бармақтай ғана «бас қолбасшысы». Еркенің есімі - Камила! Әзірге мамандық таңдамапты. Ал, Диас әскери дәрігер болмақ. Астанадағы медицина колледжін бітірді.
 
Үй ішімен танысып біткенше, дастарқан да дайын болды. Жасыратын несі бар, таңғы алтыдан бірі оқуға, бірі балабақшаға, қалған үшеуі жұмысқа асығады. Әрқайсысының қызметі әртүрлі болғандықтан, бірі ерте, бірі кеш келеді. Қым-қуыт қала тіршілігі. Сенбі, жексенбі олар үшін қадірлі күн. Осылай бастары қосылып, шүйіркелесіп қалады.
 
Қанат Шүкенов, ҚР Қорғаныс министрлігі бөлім басшысы, полковник:
Осы сенбі, жексенбі. Мен кешке сағат 20.00-де, 21.00-де келемін. Кейде нарядқа түсіп, келе алмай қаламын. Қызым да сағат 22.00-де, 23.00-де келеді.
 
Әскери тәртіп демалыс күндері де сақталады, бұл үйде. Отағасы бау-бақшасын баптауға шықты. Ұрпағы бар, үй салды, ағаш отырғызды. Біз барған күні қайың екті.
 
Жас өскіндер жылдар өте мәуесін төккен баққа айналар, ұрпағы өсіп, әулетінің тамырын тереңге жаяр. Үркердей ғана «Үркер» ауылындағы тыныштық күзетшісінің тілегі осы.
 
Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу