Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Гаагада араларын ала мысық кесіп өткен Ресей-Украина мәселесіне қатысты ұстанымын айтып, пікір білдірді. Украинаның осыдан 20 жыл бұрынғы кейпі қандай еді. ТМД-да экономикасы екпінді ел болатын.
Жері құйқалы, металлургия комбинаттары қаз-қатар тізілген, көмір кеніштері, ғарыш саласы қарыштап дамыған мемлекет еді. Ал, қазір бізден әлеуеті отыз есе төмен дағдарыс ошағына айналды. Елдің экономикасы шатқаяқтап тынды, халық қарыздың астында қалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіздік жылдарында барлығымыздың басқан қадамымыз бірдей болды. Мысалы, Кеңес одағындағы он бес мемлекеттің ішінде біз он үшінші, он төртінші орында болсақ, Украина әр уақытта Ресеймен тіресіп тұрған, деңгейлес немесе екінші орындағы алып мемлекет еді.
Иә, алып еді Украина. Алайда, сыңар саясат ұстанамын деп, сүрінді. Қай тұста адасты?
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Себебі осы күнге дейін шекарасын шегеленген жоқ. Біресе Еуропа, біресе Ресей деп халықты бөлді. Менің ылғи айтатыным - көпұлтты мемлекет болып отырып, елді жікке бөлуге болмайды. Біреудің құқығын таптауға болмайды.
Украина бізге бөтен емес, ниеттес ел. Ортақ сауда-саттығымыз бар. Сондықтан, Қазақстан ондағы жағдайдың тезірек қалыпқа қелуін, кикілжіңдердің бейбіт жолмен шешілгенін, халықаралық құқықтық талаптардың орындалғанын қалайды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дегенмен, бұл нәрсеге ақ, қара деп қарауға болмайды. Оның өзінің тарихи, геосаяси, қарым-қатынас жағдайы бар. Сондықтан, қазіргі жағдайда болар іс болды. Оны біз білеміз. Енді бейбіт жолмен қалай шешу керек, соны ойластыру керек. Сондықтан, біздің айтып отырғанымыз, алдымен сайлау өткізіп, президентін сайлап, парламентін сайлап, заңды түрде үкімет басшысын сайлап, Ресеймен бірге келіссөздер жүргізіп, оған дүниежүзілік ұйымдар қатынасып, бейбіт жолға түсуі керек.
Қазір күллі әлем қызу талқылап жатқан тағы бір тақырып - Батыс пен Ресейдің текетіресі. Құрамына Қырымды кіргізіп алған мемлекетті АҚШ қаптаған санкциямен діңкелетпек.
Гаага саммиті аясында алып жетілік Ресейге экономикалық шектеу жариялау жайын қараған еді. Бұл тұста бізді алаңдататыны - ортақ Кедендік одақтағы елдің экономикасының әлсіреуінің бізге әсері.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ресейге қарсы қолданылуы мүмкін санкциялардың бізге қатысы жоқ. Бұл - Батыс пен Ресейдің өз арасындағы шаруа. Бірақ Қазақстан жүк тасымалы бағыттарын әртараптандырып қойды. Оңтүстікте Түркіменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына шығамыз. Каспий арқылы Еуропаға жол бар. Диверсификация біздің кез келген жағдайдан қорғанышымыз. Бірақ Ресей - алып нарық. Оның ресурстары Еуропаға қажет. Сондықтан, санкция жарияламас бұрын Еуропа он ойланып, мың толғанады.