Ағарту саласының ардагерлері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағарту саласының ардагерлері

23.03.2014
Ағарту саласының ардагерлері
Біздің халық еңбектің мәні туралы айтқанда, «терең құдықтың суы тәтті» деп мақалдаған. Келісеміз. Күректі неғұрлым терең батырған сайын, құдықтың суы да соғұрлым мөлдірлене, тұнықтана түседі. Ал, жерді кісі бойы қазғаннан ештеңе өнбейді, су лайланған үстіне лайлана түседі. Еңбегің еш кетеді.
 
Қазақтың бас ақыны Абай да бірсыпыра өлеңінде еңбекті насихаттайды. «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас. Еңбек қылмас, еріншек адам болмас» дейді. Түптеп келгенде, маңдай термен тапқан дүниенің берекесі мол.
 
Оның үстіне «Алма піс, аузыма түс» деп көлеңкеде жамбастап жататын заман емес қой қазір. Мұны біздің қоғам да кейінгі кезде терең түсіне бастағандай. Мемлекет басшысының «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы да талайлардың талабына қамшы салды.
 
Біздің бүгінгі кейіпкерлер ғибратты ісімен өздерінің орталарына өнеге болған жандар. Өздерінің уақыттарын аямаған, бірақ өзгелердің бақытын аялаған ұлағатты ұстаздар.
 
Соңғы жылдары «мұғалімнен қадір кетті» деген сыңаржақ пікірді теріске шығарған еңбекқор жандар.
 
Мемлекет басшысы ел дамуының 2050 жылға дейінгі Стратегиясын жариялар тұста, алдымен тәуелсіздік жылдарының жетістігін жіпке тізгені бар. Соның бірі - қазақстандықтардың басын біріктірген басты фактор - жалпыға ортақ еңбек қоғамының қалыптасуы. Иә, қазіргі таңда еліміздегі 2,4 миллион тұрғын тұрақты еңбек ететін қауымның санатынан.
 
Олардың көбісі табан ет, маңдай термен нәпақа тауып қана қоймай, өз істерін шебер меңгерген, майталман мамандар. Сондай еңбекқор жандардың бірі - Сейфолла Нұркишев.
 
Сейфолла Сақтайұлы - ағарту саласында табаны күректей қырық жыл қызмет істеген азамат. Ағылшын тілінің маманы. Жастайынан ілім-білімге жаны құмар ұстаз тұрақтылық бар жерде, тұғырдың әр кез биік болатынын жақсы біледі.
 
Сондықтан да, жастардың көзін ашып, көкірегіне білім нәрін себуден еш жалыққан емес. Керісінше, Президент бастамасымен үш тұғырлы тіл саясаты қолға алынғалы, өз жұмысын құлшына атқарып жүр. Себебі, «тіл – кез келген елдегі ұлттардың басын біріктіретін басты шарт. Әрі өз тіліңді құрметтей отырып, өзге тілді меңгеру бүгінгі өркениет көшінің басты талабы»,-дейді.
 
Сейфолла Нұркишев, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
Қазіргі балаларға ризамын. Бірнеше тілді үйреніп келе жатыр. Олар ешкімнен кем болмайды. Қазақстанымыз әлі дами береді.
 
Өз өмірін тек білім беру саласына арнаған ұстаз бәзбіреулер секілді жасым келді, жасамыспын деп жайбарақат жүрмеген. Замана көшінен қалмай, информатика ілімін де меңгерген.
 
Қазір бір мектептің 3 бірдей компютерлік сыныбы мен 21 интерактивтік тақтасы, ата-аналарға арналған электрондық журнал мен білім ошағының ресми порталы да осы мұғалімнің мойнындағы шаруа. Міндеті - өскелең ұрпақты инновацияның игілігіне мектеп қабырғасынан икемдеу.
 
Сейфолла Нұркишев, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
Мен көріп жүрмін ғой, емханаларға барамыз. Мысалы, жаңадан ашылған он шақты емханада болым. Сонда біраз заттар тұр пайдаланатын. Бірақ адам жоқ оны іс қылатын, білетін. Ол үшін жастар керек. Сондықтан, осы мектеп табалдырығынан аттаған балалар инновациялық жағдайға бейімделіп өседі, деп ойлаймын.
 
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Сейфолла Сақтайұлының жары Райхан Нұркишева да мұғалім. Бастауыш сыныптарға сабақ береді. Мектеп қабырғасында тер төккелі қырық жыл өтсе де, талай балаға әріп үйретіп, әліппені жаттатудан жалыққан емес.
Жалпы, еліміздің осы күнге дейінгі өркені мен өрісіндегі ырыздығының артуына ұстаздар қауымының қосқан үлесі ұшан теңіз. Олар балаға білім мен тәрбие беріп қана қоймай, қоғамдағы береке мен бірліктің нығаюуына тікелей атсалысып келеді.
 
Тіпті, келешектің жас ұрпақтың кемел білімімен тығыз байланысты екенін бір сәт естен шығармайтын мұғалімдер арқалаған жүктің салмағын біз сезіне де бермейміз. Алайда, ұстазы жақсының қашанда ұстамы жақсы болмақ.
 
Райхан Нұркишева, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
Әрине, балалар берген нәрсеңді өзіңнен артық білсе, ол мұғалімнің, ұстаздың мерейінің өскені. Ал егер алдыңдағы бала ештеңе білмей қалса, ол мұғалімнің кемшілігі. Ол мұғалім, мұғалім емес. Өйткені, сенің шәкіртің өзіңнен асып отыруы керек.
 
Отанның отбасынан басталатынын оқушылар құлағына ұдайы құятын ұстаздар әулеті өзгенің балаларын дәл өз балаларындай тәрбиелейді. Ал олардың үйінде қалыптасқан тәрбие мен тұрмыстың мәйегі кез келген ортаға үлгі.
 
Өмірлері өнеге. Әрі ерінбей еңбек етіп, ел құрметіне бөленген әке мен шешенің сол ақ адал жолын көріп өскен Нұркишевтардың ұлы мен келіні де қазір мектеп қабырғасында мұғалім болып қызмет істейді.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу