Әлем ядролық қарудан қашан құтылады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем ядролық қарудан қашан құтылады?

23.03.2014
Әлем ядролық қарудан қашан құтылады?

Төрткүл дүние тіршілікке тажалдай төніп тұрған ядролық қарудан қашан құтылады? Пенде атаулы жаппай қырып-жоятын арсеналдың кесел-кесепатын түгелдей түсінетін күн туа ма? Бұл бағытта не істелінді, болашақта не істемек керек? Тап осы мәселе ертең Голландияның Гаага қаласында өтетін «Ядролық қаруға қарсы» саммитте талқыланбақ. 56 мемлекеттің басшысы баратын жиынға біздің Президент те қатысады.

 
Қазақстан - өз еркімен ядролық арсеналын тапсырған әлемдегі тұңғыш мемлекет. 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан компартиясы таратылған күннің ертеңіне Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды.
 
Бұл - Алаш баласының ғана емес, күллі адамзаттың жеңісі. Осылайша Қазақстан антиядролық саясаттағы сірескен сеңнің көбесін сөкті. Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған соң кешікпей Ядролық қарусыздану туралы шартқа қосылды. Тоқсаныншы жылдар ортасында Будапештте АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, кейін Қытай мен Францияның кепілдігін алып, қолындағы қаһарлы қаруын тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үлгісі әлемде қолдау тапты.
 
Дегенмен, дес бермей тұрған тоңмойындар әлі де бар. Анда-санда сынақ жасап, сес көрсетіп, дөңайбат жасап қояды. Ядролық клубтың ресми бес мүшесінен басқа кемінде төрт-бесеуі бұл қаруды иеленген немесе иелену шегіне жеткен.
 
Сарапшылардың есебінше, қазір әлемнің әр елінде 20 мыңнан аса ядролық арсенал сақтаулы тұр. Олар егер лаңкестердің қолына түссе, күніміз не болады? Көпшіліктің көңілін күпті еткен, саясаткерлерді сары уайымға салатын да осы жайт.
 
Жетпісінші жылдары мамандарға ядролық материалдардың үкіметтен тыс күштердің қолына түсуі мүмкін еместей көрінді. Тоқсаныншы жылдары да елден бұрын дабыл қаққан сарапшылардың сөзіне ешкім елең ете қоймады.
 
Ал, 2001 жылы қыркүйек айында АҚШ-та жанкештілер алып ғимаратты жарып жібергеннен кейін, алып елдер қауіпсіздігіне ден қоя бастады. Ядролық бөлшектер бөтен қолға тисе, лаңкестер қару құрастыруы мүмкін деген қорқыныш алғашқы қауіпсіздік саммитін өткізуге арқау болды.
 
Барак Обаманың бастамасымен 2010 жылы ең алғашқы ғаламдық саммит Вашингтонда өткен еді. Көшбасшылар жер-жаһандағы атомдық технология,   атом бөлшектерінің барлығы қатаң бақылауда болуы шарт деген ойды бірге ілгерілете бастады.
 
Пол Уилк, Нидерландының халықаралық қатынастар институының жетекші ғылыми қызметкері:
Әрбір кезекті саммит белгілі бір тарихи миссияны арқалап келеді. Және тақырыптар аясы да жыл өткен сайын күрделене түсті. Ең алғашында саммитке ядролық бағдарламасы бар немесе осындай құжатқа қол жеткізгісі келетін елдер шақырылған болатын. Біртіндеп халықаралық ұйымдар да қосылды.
 
Араға екі жыл салып 2012 жылы әлем көшбасшылары Сеулде бас қосты. Сол саммитте қабылданған коммюникеде мемлекеттер келісімге келген құжаттар легі толыға түсті. Лидерлер жоғары байытылған уранды шектеу, реакторларды уыты төмен уранмен жұмыс жасауға көшіру міндетін күн тәртібіне шығарды.  
 
Дәл осы саммит Қазақстан үшін де ерекше табысты болды. Құрама Штаттар, Ресей мен Қазақстан арасында Семей полигонында әріптесіп жұмыс жасауға бағытталған үшжақты келісім бекіді.
 
Содан бері еліміз  жаңа алаң арқылы жойқын қаруды таратпау саласында өз ықпалын арттыруға күш салып, батыл бастамалар көтерді.  
 
Кеннет Лунго, ғаламдық қауіпсіздік жөніндегі әріптестіктің президенті:
Қазақстан - әлемдегі қуаты төртінші арсеналдан бас тартқан мемлекет. Қаруды біреудің қорқытып - үркітуімен емес, ерікті түрде залалсыздандырды. Барлық инфрақұрылымды толықтай жойды. Сөйтіп, әлем елдерінің сеніміне кірудің кілтін тапты. Әрине, бұл мінберде Қазақстан сөзі өтімді елдердің бірі. 
 
Әлем көшбасшылары биыл үшінші мәрте ядролық қауіпсіздік түйткілін қызу талқылайды. Екі күнге созылатын алқалы басқосу бұл жолы Нидерландының Гаага қаласында өтеді.
 
Жаһандық саммитке елу шақты мемлекеттің президенттері, үкімет жетекшілері қатысады. БҰҰ, Еуроодақ, Интерпол, МАГАТЭ басшылары да кеңесуге келмек. Басқосудың құрметті қонағы – Қазақ Президенті.
 
Мемлекет басшысы осы сапарында Нидерланды Королімен кездесіп, екі ел арасында бірқатар келісімдерге қол қойылады. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, тағы бірнеше мемлекеттің басшысымен кездесіп, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасады деген жоспар бар.
 
Бұл алаңда Қазақстанның өзіндік мәртебесі бар. Ең алдымен, біздің мемлекет аймақтағы әріптестерімен бірлесе отырып, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрды. Қазір ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін келісімшартты ілгерілетуде. 
 
Мэтью Банн, Гарворд университетінің профессоры:
Қазақстан - ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлемдік қауымдастық қойған талаптарды мінсіз орындаған ел. Әрі ядролық қаруды залалсыздырдыру жолында табанды еңбек етті деп білемін.
 
Негізі саммит аясында халықаралық қауымдастық алдына Қазақстан тарапынан маңызды ұсыныстар жасалады. Мәселен, қазіргі күні уран қолданылатын салалардың кейбірі осы шикізаттан біртіндеп бас тарта бастаса оларға  экономикалық жеңілдіктер, артықшылықтар керек болады.
 
Жеңілдіктер берілетін болса, кей елдерде қауіпті материалдың қолданыс аясын да азайтуға болар еді. Оған қоса Қазақстан жаңа атом станциясын тұрғызу жөнінде шешімге келіп отыр. Бұл іргелі жұмысты тындыру үшін тағы да сырттан көмек керек. 
 
Қазір жарты әлем жаңа станция тұрғызу ісіне күмән, күдікпен қарайтын болды. Ал, технология оңай келе қоймайды. Міне, дәл осы тұста МАГАТЭ секілді алып ұйымдардың бізді қамқорлығына алғаны артық болмас еді.  
 
Уильям Поттер, Монтерей халықаралық зерттеулер институтының профессоры:
Фукусимада болған апаттан кейін әлем қатты үрейленеді. Тіпті атом санциясын жеке елдерге тұрғызуға рұқсат берген жағдайда да, қауіпсіздік мәселесі барынша ескерілуі керек.
 
Жайнагүл Төлеміс, тілші:
Қазақстан - Жер-жаһандағы жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан жалғыз ел. Бұл - біздің басты ұпайымыз. Бұған қоса, соңғы төрт жылда алдымен Вашингтонда, кейін Сеулде өткен халықаралық саммитте қол жеткен уағдаластық түгел орындалды. Біз көздеген мақсаттың бірі - кезекті саммиттердің бірін елімізде, Астанада өткізу. Бірақ оған әлемдік қауымдастықтың қолдауы қажет болады.
 
Осыдан  екі сағат бұрын Елбасы мінген ұшақ Нидерландының  Гаага қаласына келіп қонды. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін елдің премьері Марк Рюттемен және  7-Король   Виллем-Александрмен кездеседі.

Бұл келіссөздердің қорытындысында екіжақты құжаттарға  қол қойылады. Бүгін сондай-ақ, Президент Қытай төрағасымен де жолығуды жоспарлап отыр. Ал, ертең халықаралық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит ресми түрде ашылады.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу