Жетісуға көктем келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісуға көктем келді

16.03.2014
Жетісуға көктем келді
Қазақ поэзиясының Шолпан жұлдызы - Мағжан Жұмабаев көктем келгенде көңіл пернесін былай шерткен: 
«Су ақты, жетті сәуір қырдан ойға
Секіріп арық-тұрық кетті тойға.
Жас бала: «Жазғытұры туды»,-десіп
Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да
Қуанып жан-жануар, алшаң басып,
Қалмады қайғы-уайым ешбір ойда.
Нұрлы Күн алтын нұрын шаша бастап,
Шықсын деп қысқы ызғар өткен бойға».
 
Біздің алып-қосарымыз жоқ. Қыстың сызы жоғалып, жер жүзінің масатыдай құлпырар шағы. Күннің көзі елжіреп, түйенің боздап, қойдың қоздап өріске айдалар кезі. Қазір елдің түкпір-түкпірінде көктем.
 
Ел-жұрт емен-жарқын шүйіркелесіп, жер аяғы кеңігенше деп жоспарлаған тіршілігіне кірісті. Әсіресе, дала төсін емген шаруалар үшін қазір қауырт шақ. Малдың төлдейтін шағы. Ал, топырағына шыбық қадасаң, шынар шығатын, қыс қысқан көтерем малы жазда жұнттай болып семіретін Жетісу жері, әсіресе, малшылар қауымы көктемді қалай қарсы алды?
 
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Наурыз айының бел ортасы болса да, Алатау бөктеріндегі қыстақтарда қарға белшеден батасың. Азық қорын осылай молынан жинағандықтан, малшы қауым биылғы қыстан аман шығып отыр.
 
Молынан жауған қар әлі ерімесе де, көктемнің келе жатқанын қорада жамыраған төл білдіреді. Мөңіреген бұзау мен маңыраған қозы сүйіншілеген көктем шаруалар үшін жаңа науқанның басталғанын да ескерткендей.
 
Малшылар төл алу науқанына дайындалып жатыр. Ұсақ малдың жаппай төлдеуі наурыздың жиырмасынан кейін басталады. Кербұлақ ауданындағы қыстақтарда шопандар шығынымыз аз, кірісіміз көп болады деп үміттеніп отыр.
 
Ібітай Машарбеков, «Қызылшоқы» ЖШС-ның директоры:
30 шақты сиырымыз бар, ол да төлдеп жатыр. 300-дей қойымыз бар, наурыздың жиырмасынан бастап төлдейді, алды төлдеп жатыр. Бәрі жақсы. Қазақы қойдан 100-не 110-нан, 105-тен төл аламыз деп отырмыз. Сиыр малы ол да жақсы төлдеп жатыр.
 
Бұл шаруашылық екі саланы қатар алып келе жатыр. Жылқы, сиыр, қой санын көбейтіп, күздік бидай мен жаздық арпа алқаптарын еселеген кәсіпорын, ауылдағы шағын шаруашылықтардың басын біріктіріп, іріленуге бет бұрған кәсіпорын.
 
Ібітай Машарбеков, «Қызылшоқы» ЖШС-ның директоры:
Президентіміздің бірігіп жұмыс істеңіздер деген қағидатын ұстанып, біз қазір біріктік. 3 шаруа қожалығы бірігіп, 1500 гектар жерге күздік дақыл ектік.
 
Көктемнің басы - сиыр малының да жаппай төлдейтін сәті. 80-ге таяп қалса да, таяқ ұстамай бір шаруашылықты басқарып отырған Нұрқия Ұсаеваның да түн ұйқысын төрт бөлетін кезі басталды. Әуелде небәрі 20 сиырымен кәсіпті бастаған әже бүгінде мал санын 300-ден асырды. Науқан басталғалы 40 бұзау алып, уыз қайнатып жатқан жайы бар.
 
Нұрқия Ұсаева, «Сағымбай» шаруа қожалығының жетекшісі:
Бір малымыз екеу болып жатыр. Жаман емес, жақсымыз. Жасымыздан бейнетке үйреніп қалғанбыз. Бізге кейде күн жетпей, түнге қарай жұмыс істейтін кезіміз болады.
 
Төл алу, көктеуге шығу, қой қырқу, соңынан жайлауға көшу - малшы қауымның көктемгі машақаты осы. Жетісулық диқандар үшін де қазір қарбалас сәт.
 
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Көктемнің бір күні жылға азық. Алдағы науқанға соқа, тырма сақадай сай болу керек. Солай ғой, ағалар?     
 
Көктемгі дала жұмыстары тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Ауыл шаруашылығына қажет техниканы жөндеп, майлап баптау сәті қазір. 5 мыңдай гектар алқапқа арпа-бидай сеуіп отырған «Мәди Ақбастау» шаруашылығында механизаторлардың орта жасы - елу.
 
Сондықтан, алдыңғы аға буын бар білгенін жастарға үйретіп жатқан жайы бар. «Білгенің өзіңе жақсы, істегені бәрімізге ортақ шаруа», дейді ауыл жастарын кәсіпке баулыған аға инженер Ғалымбек Нұрғалиев.
 
Ғалымбек Нұрғалиев, бас инженер:
Өзімнің білгенімді осы жас балаларға үйретіп жатырмын. Менен кейін осылар істейді. Ауылды осылар көркейтеді. Үйретіп жатырмыз. Аспаннан жаудырып, жерден өндірсін деп, соған тіршілік істеп жатырмыз.
 
Трактор, комбайндарын заман талабымен жаңартып жатқан шаруашылық алдағы науқанға 100 пайыз дайын. Қоймада тұқым артығымен сақтаулы тұр. Қар кетісімен егін егуге құлшынып отыр. Өздерінің қарамағындағы алқаптармен бірге, маңайдағы игерілмей бос жатқан жерлерді де ырысты етуге дайын.
 
Қайрат Бекиев, «Мәди Ақбастау» шаруа қожалығының жетекшісі:
Біраз жерлеріміз бос жатыр, игерілмейді. Егейін деп барсаң, жердің иесі жерін бермейді, не мемлекеттік актілері жоқ. Аудан әкімі комиссия құрып, қазір жерді ретке келтіріп жатыр.
 
Ауылдағы ағайын көктемнің әрбір жаңа күніне жаңа үміт артады. Шаруа бидайым бітік болса игі, шопан қойым егіз туса игі, дейді. Ал қазақта «қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген бар. Тек көктемдегі күн райы тосын мінез танытпаса игі.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу