Қазақстандағы коммуналдық шаруашылықтың жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы коммуналдық шаруашылықтың жағдайы қалай?

16.03.2014
Қазақстандағы коммуналдық шаруашылықтың жағдайы қалай?
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру үшін қазынадан 8 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр Үкімет. Қайталап айталық, 8 миллиард теңге. Мақсат - еліміздегі көпқабатты 16 мың үйге жылу есептейтін қондырғылар орнату. Мұны министр Ерболат Досаев айтты.
 
Негізі біздегі пәтер біткеннің иесі бар – яғни, жекенің меншігі. Бірақ, сол жекенің меншігіне де мемлекет қамқор болуға мәжбүр. Өйткені, біз өз пәтеріміздің мұнтаздай болуына ұмтылсақ та, тұтас үйді қадағалауға енжармыз, тіпті жанымыз ашымайды десек те болады.
 
Мысалы, 90-100 пәтерлі тұтас үйден бірді-екілі белсенді болмаса, қалған тұрғындарға бәрібір секілді. Турасын айтқанда, тұрғын үйдің тұрмысына пәтер иелері кооперативтері жауапты. Өйткені, сіз ақша төлейсіз - қалған дүниені солар үйлестіруге міндетті.
 
Осыдан 20 жыл бұрын құрылған пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы әлі жүйеленбей келеді. Жалпы, халық КСК атап кеткен сайланбалы ұйым жарты жыл, бір жыл сайын ауысып, ақырында төленген ақшаның қайда жұмсалғанын тұрғындар түсінбей жатады.
 
Қысқасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау ісі әлі күнге өзекті. Бұралаң-ирелеңі көп бұл мәселе бір күнде реттеле қоймасы анық, әзірге біз нақты кем-кетіктерді тұрғындардың өз аузынан естігенді жөн көрдік.
 
«Ахау, Семей - тіл мен көмей!» деп әндетудің ауылы алыс қалды. Жұрт етігімен су кешіп жүр.   
 
Қала тұрғыны:
Осы жерге әрең жеттім. Кейбір көшелер мүлдем көлкіп тұр. Айналып жүресің. Қардың суы, жаңбырдың суы. Көктемде жүру мүмкін емес.
 
Қала тұрғыны:
Басқа қалалардағы сияқты бізде су ағатын арықтар жоқ. Сондықтан, жағдай жылда осылай қайталанады.
 
Ескі шаһарда 400-ден аса құдық бар көрінеді, қызылсу жиналатын. Бірақ аз, десті мамандар. Енді қандай амал бар, жалғыз тәсіл - көшеге жайылған көп суды сорып алып, көлікпен далаға тасу.
 
Жанат Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы:
Қолымызда көп техника болды деген күннің өзінде, біз тазалап үлгермейміз. Сондықтан, қалыпты жұмыс істеп тұратын кәріз жүйесі қажет.
 
Бұл кеп Семейде ғана емес, көктем шыға қары қалың қалалардың көретіні осы. Қала біткеннің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қалайда ілгері баспай тұр.
 
Жаңыл Қонысова, «Жасыл аймақ» тұрғын үй алабының тұрғыны:
КСК дегенді бізде жылына бір рет емес, екі рет ауыстырады. Ақшамызды жинап, әйтеуір домофон жасадық, ол домофон да істемейді қазір. Бір ай істеді ме, істемеді ме орнынан жұлып алып кетті, содан қайта әкеліп қойды. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Басында төледік ай сайын, қазір төлемейміз, өйткені жөндемейді ешкім, жауапты адамдар жоқ.
 
Жаңыл Қонысованың қонысы жайлы болмай тұр. Астананың іргесіндегі Қосшы кентіндегі үлкен үйден пәтер алған. Пәтерге өкпе жоқ, ал дәліз бен кәріз тозып тұр. 
 
Алтын Нұрмағанбетова, «Жасыл аймақ» тұрғын үй алабының тұрғыны:
«Тұрмыс», «Лесная поляна», «Ақ бата», «Асқар» деген неше түрлі КСК болды. Олар жұмыс істеген жоқ, ақшаны жинап алады да қашып кетеді.
 
Бұл кісі - «ашынғаннан шығады ащы даусым» деп тұрған Алтын апай. Ыза болғаны соншалық, әр пәтерді аралап, кем-кетікті жөнге келтіруге жұртты бастап шығады. Сызылған қабырға, бүлінген еден, мүжілген басқыш, үзілген сым, шағылған шыны... Бүгінгі күннің келбеті. Әрине, жағдайы барлар тұратын үйлерде ондай олқылық жоқ, ал күйсіздің үйі де күйсіз...
 
Бердігүл Бердімұратқызы, «Жасыл аймақ» тұрғын үй алабының тұрғыны:
Негізі бізге аптасына екі рет сыпырамыз деген еді. Енді міне, көріп тұрсыз, қабырғаның өзі қалай кір болып тұр. Тек қана бетіндегі қоқысты алып кетеді ғой, одан басқа ешқандай қызмет көріп тұрған жоқпыз. Мынау жарық та жоқ болады, түнде фонармен жүреміз. Лампочканы өзіміз ауыстырамыз, қаншама рет күйіп кетті. Ешкім ауыстырмайды. Білмейміз, айтып-айтып шаршадық қой.
 
Негізгі кемдік пәтер иелері кооперативтерінің жауапсыздығы. Әрине, өзімізден де бар, ақшаны ай сайын аударамыз да арғы тағдырына енжар, салақ қараймыз. Жұмысбасты, уақыт жоқ деген секілді. Бірақ тұрғын үй уақытпен бірге тоза береді.
 
Мысалы, мынау Теміртау. Баяғы батыр Панфиловтың аты бұйырған көшедегі 3-ші үй. Күн күлімдесе болды, бұл үйдің үстіңгі қабатындағы тұрғындар шелегі мен легенін тосып, тамшы аңдиды.
 
Владислав Юнев, Теміртау қаласының тұрғыны:
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инспекциясына, фирмаға да бардық. Ешқандай көмек болған жоқ. Шатырға шығатын сатының өзін ақшаға ұсынды. Біз жарайды жаспыз. Ал, тұрғындардың көбі қарт адамдар. Қалай шатырға шығады?
 
Бір қызығы, бұл үй былтыр ғана жөнделген. Мемлекет 12 миллион теңге жұмсаған. Келісім бойынша тұрғындар жабылып, сол 12 миллионды айына 12 мың теңгеден 12 жыл бойы төлеп отырмақ. Бірақ, бір жыл толмай жөндеу ісінің шикілігі сезіледі.
 
Сергей Кабанов, «СпецСтройНадзор» ЖШС-ның директоры:
Тұрғындар өздері кінәлі. Олар шатырдағы қарды уақытында тазалаған жоқ. Бұл үйдің жылу жүйесі шатырдан кіреді. Еріген қар ішке кіріп жатыр. Төбені сапалы етіп жасадық. Оған шүбә келтірмеймін.
 
Ирина Вундер, Теміртау қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы:
Екі жыл болды тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Фирмалар 5 жыл кепілдік уақытында жауапкершілігіндегі нысандардан кемшілік шықса, қайта жөндеуге міндетті. Алайда, бізде мұндай проблема әлі кездескен жоқ. Кездескен жағдайда фирманың нысанды тапсыру кезіндегі келісімшартына қол қоймаймыз.
 
Сөйтіп, бірі тұрғындарды қыжыртады, бірі келісімшартпен алдайды. Бірақ құжат жылу ия жарық бола ма, жыртықты қайтіп жамай ма? Жаппай жауапсыздықтың салдары осы. Енді Үкімет тағы да ақша бөлгелі отыр.
 
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қосымша 8 миллиард теңге қарастырылып отыр. 16 мың көппәтерлі тұрғын үйге жылу есептегіш құралдарын қою үшін.
 
Есептегіш құрал үнем үшін қажет. Өйткені, қысы қатты Арқадағы қалалардың жылуы көбіне далаға кетіп жатады. Үкімет соны көздеп, есептегісі келіп отыр. Бірақ, тұтас Қазақстандағы коммуналдық шаруашылықтың сықпыты келіспей тұр қалайда. Реформа болмаса да тың тәсіл, соны көзқарастың керегі керек-ақ.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу