Ұшқан құстың қанаты талатындай, шапқан тұлпардың тұяғы тозатындай кең, қазақтың даласы. Жері жеткілікті, бірақ, ауыл шаруашылығы саласы дами алмай, батпаққа батқан көліктің халін кешіп тұр.
Аграрлық ғылымның жай-күйі осы жұмада Ақордада әңгімеге өзек болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.
Ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөлінгенімен, қайтарымы аздығын айтып, сынап та алды. Маман әзірлеу жағы да маңдымай тұр. Президент: «Біз күн райы қолайлы, жауын-шашын қажетті мөлшерде болғанда ғана мол астық жинаймыз. Әрине, ауыл шаруашылығында өнімділік бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артты, бірақ әлі де бұл бағытта белсене жұмыс жүргізу керек», деді.
Жадыңызда болса, Президент халықаралық аграрлық зерттеу университетін құру жөнінде тапсырма берген еді. А.Күрішбаевтың айтуынша, осы университетті құру тұжырымдамасы қазір әзірленіп жатыр. Бұған қоса, шетелдердің жетекші оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен байланыс орнап, алғашқы зерттеу бағдарламалары дайындалған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылым мен фермерлер арасында ешқандай байланыс жоқ. Әрқайсысы өз алдына. Дәнді-дақылдар институты бар, жермен жұмыс істейтін институт бар, малмен жұмыс істейтін институт бар. Не істеп жатыр бәрі? «ҚазАгроИнновацияны» құрдық. 1300 адам жұмыс істейді. Не істеп жатыр? 23 институт бар. Мына халық сонда не үшін жалақы алып отыр?
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Жұмыс істейді, бірақ өкінішке қарай өзіңіз білесіз ғой, жағдайдың барлығын. Тиісті деңгейге жетпей жатыр. Кадрларды өзгерту керек. Біздегі ең негізгі мәселе - әлемнің білім-ғылым жүйесіне кіру. Қазір біз осы деңгейдегі білімді шеттен ғалым әкелмей жасай алмаймыз.
Президент Еуразия экономикалық қоғамдастығының Бас хатшысы Тайыр Мансұровпен де кездесті. Әңгіме барысында ұйымның қазіргі қызметі, алдағы жоспарлары, сондай-ақ, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің іске асырылу жайы сөз болды.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық құрылымдар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды. Ал, бас хатшы Президенттің осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық одақ қалыптастыру туралы ұсынған бастамасы посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияның негізін қалағанын айтты.