Елімізде бизнес-омбудсмен институты құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бизнес-омбудсмен институты құрылады

16.03.2014
Елімізде бизнес-омбудсмен институты құрылады
Сәуір болды дегенше, тәуір болды десеңші. Дүркін-дүркін тексерістен әбден діңкелеген кәсіпкерлер қауымы үшін алдағы ай берекелі болмақ. Сәуірдің бірінен бастап, Мемлекет басшысының Жарлығымен оларды тексеруге мораторий жарияланғанын білесіз.
 
Аш кенедей қадалатын тексеруші органдардан, бұйырса, кәсіпкерлер құтылады. Әйтпесе, салық пен санитарлық қызметтен бастап, өрт қауіпсіздігін тексергіш «басшысымақтар» «ана қағазың қайда, мына қағазың қайда, рұқсат құжатың бар ма» деп кәсіпкерлерді жан-жақтан жұлмалайтын. Енді келер жылдың бірінші қаңтарына дейін олар көлеңкелерін де көрсетпейтін болады.
 
Кәсіпкер бұрын, мысалы, жер алу үшін 9 құжат жинауы тиіс болатын. Шапқылайтын. Кәсібі болса, жайына қалды. «Ауызбастырық» сұрайтындар бар. Оларға амалсыз пара берді. Осылай жемқорлық деген індет кәсіпкерлік саласын да іріткен.
 
Енді жаңа Заңға өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлердің жұмыстары жеңілдейді. Жаңағыдай жер үшін 9 құжатты енді кәсіпкер емес, соған жауапты органдар өздері жинап береді. Кәсіпкерлер бұрынғыдай алашапқын болмайды, алаңдамайды.
 
Сондай-ақ, сіз кәсіпкер болсаңыз, сізді тырнақ астынан кір іздеп, заңсыз тексере берсе, тоймаған масадай ызыңдап келе берсе, бұдан былай бизнес- омбудсмен институты мемлекеттік органдарда Сіздің құқыңызды қорғайтын болады.
 
Тараздың іргесіндегі етік тігетін шағын цех. Иесі - Бақытхан Теңізбаев 27 жыл етікші болған. Өз ісін мықтап меңгерген шебер осыдан төрт жыл бұрын осы цехты ашады. Алғашында аяғы кемтар жандарға тапсырыспен етік тіккен кәсіпкер, кейін балалар мен үлкендердің күнделікті және шаруашылыққа киетін аяқ киімдерін де шығара бастайды. Жағдайым жаман емес, шикізат пен тапсырыстан тапшылық жоқ, қолдаудан да таршылық көрген емеспін, дейді.
 
Бақытхан Теңізбаев, кәсіпкер:
Ұлттық қордан 1 триллион ақша бөлеміз деп жатыр. Ол ақша қолымызға тимесе де шабыт берді. Басқа елде бөлінбеген ақшаны бөліп жатыр, 1 триллион деген оңай ақша емес. Соны бөлгеніне біз өте риза болдық.
 
Шағын ғана шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер қазір 20 шақты жанға нәпақа тауып беріп жүр. Жақында етік цехының жанынан күртеше тігетін бөлімше де ашқан.
 
Ол цех та тек тапсырыспен жұмыс істейді. Шаруақор кәсіпкер мемлекет жариялаған мораторий еліміздегі шағын кәсіпкерліктің шарықтап дамуына дем беретін шара, дейді.
 
Бақытхан Теңізбаев, кәсіпкер:
Барлық нәрсені біз бірден шеше алмаймыз ғой. Ертең өрт сөндіруші келіп тиседі, СЭС келіп тиседі. Олардың бәріне біз жауап беретіндей жағдайда емеспіз қазір. Сол үшін мына айтылған мораторий өте көмек болды. Бұған өте қуаныштымыз. 
 
Ал мынау - Қарқаралыға қарасты Егіндібұлақ ауылында күні кеше ғана ашылған су жаңа кәсіпорын. Негізінен ет және нан өнімдерін әзірлейді. Жаңа цехты ашуға жергілікті кәсіпкер 15 миллион теңге жұмсаған. Мұнда күніне 1 тонна жартылай дайындалған ет және 500 килограммнан астам нан өнімдері шығарылады. Цехта 15 адам жұмыс істейді.
 
Айман Елеусізова, кәсіпкер:
Бізге, жеке кәсіпкерлерге жасап жатқан шараларына көңіліміз толды. Әрқашан осындай жеке кәсіптер ашылып жатса, ауылымызға көп көмек болатыны сөзсіз.
 
Жалпы, ел билігі отандық кәсіпкерлерді қолдауда ешқашан кері тартқан емес. Керісінше, оларға үнемі көмек көрсетуде. Мәселен, Үкімет жақында ғана Парламентке 2014-2016 жылдарға арналған үш жылдық бюджеттің нақтыланған нұсқасын ұсынды.
 
Құжат бойынша қазынадан кәсіпкерлерге керек инфрақұрылымды дамытуға 1,1 миллиард теңге, «Агро бизнес-2020» бағдарламасына 17,7 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін секторға 3 миллиард теңге, «ҚазАгро» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 миллиард теңге бөлуді қарастырса, басқа да табыс көздерінен ауылдық жердегі бизнеске 14 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлаған.
 
Ең бастысы, енді осы қаражаттың көп бөлігі шалғайдағы шаруа мен кәсіпкерлерге төмен пайыздық өсіммен несие ретінде үлестіріледі.
 
Құттықожа Ыдырысов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Көлемін қарасаңыз, 6,1 пайыздан аспайды, республика бойынша. Міне, сол көлемде беріледі деп отыр. Бұл - үлкен қолдау. Қолданыстағы заңдарда да ауыл шаруашылығы саласына субсидия беріліп жүр. Өндірілген өнімдерге. Міне, соған, несиелендіруге бұл қаражат өте тиімді.
 
Қазір кез келген бизнес өкілімен кездессең, Елбасының Жарлығы бойынша жарияланған мораторийді айтпай тұрмайды олар. Себебі, мұндай шешімге кез келген елдің басшысы батылы жетіп бара бермейді, дейді.
 
Аманжан Жамалов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ҚР Үкіметіндегі өкілі:
Кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктердің барлығы Жарлықтың ішінде бар. Соның ішінде кәсіпкерлерге арналған заңдардың барлығын ревизия жасап, қарап шығу керек. Кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп тұрған қандай баптары бар, соны қарап, қалыпқа келтіру керек.
 
Еліміздегі кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын, бизнесті дамытуға қатысы бар делінген барлық заңдар маусым айына дейін қайта қаралады. Шағын және орта бизнестің керегесін кеңейтіп, көсегесін көгертетін заңнамалардың жаңалығы алдағы күндердің еншісінде. Ең бастысы, Елбасының Жарлығына орай біздің елде жаңадан бизнес-омбудсмен институты құрылатын болады.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу