Бауыржан Байбек Павлодар облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бауыржан Байбек Павлодар облысына барды

02.03.2014
Бауыржан Байбек Павлодар облысына барды

Қазақстанда қазір тоғыз партия бар. Бастары піспей, пікірлері келіспей қақ бөлінгені бар, сайлаушыларымен бірге тауардай сатылып-саудаланғаны бар кезінде, қайраттары тайғасын күш жинайық деп біріккендері бар, заттары өзгермесе де аттары өзгергендері де бар араларында.

 
Бірақ, осы алдыңғы шепте жүрген бірді-екілі партиядан басқасының белсенділіктері аса байқала бермейді. Қармағы қапқанда селк етіп оянатын балықшыдай сайлау кезінде ғана өре түрегеледі. Қалған уақытта тым-тырыс, бар-жоқтары білінбейді.
 
Партия белсенді болса ғана ел алдында беделі биік болады. Әрі сайлаушылардың «осыларды біз сайлап едік, түрлерін де ұмыттық» дейтін сынынан да аулақ, ары да таза болар еді. Ауыл-аудандарды араласа, ағайынның қалын сұрап қойса, қане.
 
Бұл ретте қоғамдағы оқиғаларға белсене атсалысып, қордалы мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жүрген «Нұр Отанның» жөні бөлек. Осы аптада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Павлодар облысына барды. Бірнеше әлеуметтік нысанды аралады.
 
«Нұр-Отан» өңір-өңірде партияның жұмысын мейлінше жандандыруға ұмтылып отыр. Бұл сапар соның бір дәлелі. Түпкі мақсат - партияның сайлауалды тұғырнамасындағы жоспарды орындап, мемлекеттік бағдарламаларды бақылауды күшейту.
 
Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Павлодарда облыстық филиалдың кезектен тыс 14-ші конференциясын өткізді. Әкім Қанат Бозымбаев «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына төраға болып сайланды.
 
Ал, саяси кеңес құрамы жастармен толықты. Содан соң, мүмкіндігі шектеулі жандарды көтермелеу үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 50-ден аса кәсіпорын қатысып, 500-дей жұмыс орнын ұсынды.
 
Болат Мұхамбетов, І топтағы мүгедек:
Менің жағдайымда тапсырысты қабылдап, оны үйде отырып жасаған қолайлы ғой. Бірақ сол жұмыс табыла қойса, шіркін.
 
Павлодарда өткізілген жәрмеңкеде 400-ден аса мүмкіндігі шектеулі азамат  жұмысқа қабылданды.
 
Жұмабек Қамзин, «Қазақстан электролизі» АҚ басшысының орынбасары:
Мүгедек азаматтарды жұмысқа тартуға біздің мүмкіншілігіміз бар. Ал, енді солардың арасында нақты мамандар болатын болса, біз оларды жеке қараймыз.
 
Негізі - «Нұр Отан» «Кедергісіз болашақ» атты бастама көтеріп, жыл соңына дейін 5 мыңнан аса кемтар жанға жұмыс тауып беруді көздейді.
 
«Кедергісіз болашақ» жобасы - Елбасы Жолдауынан кейін туындаған игі істердің бірі. Алғашқы айда-ақ 1300 кембағал жанға жұмыс табылды. Билік партиясы  тағы бір үлкен проблеманы шешуді өз қолына алды. Еліміздегі әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының 83 пайызы мүгедектерге ыңғайсыз. Енді саяси ұйым осы іске де ықпал етпек.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бүгін «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Елбасы осы айтулы мерекемен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы баршаңызды құттықтады. «Нұр Отан» қазір халықпен бірге, осы 15 жыл ішінде сындардан, қиыншылықтардан өтіп, Қазақстанда үлкен саяси күшке ие партияға айналды.
 
Елдегі ең ірі саяси ұйым мүшелерінің қатары ылғи толығып отырады. Бұл жолы да солай болды. Кезінде «Әділет» партиясын басқарған Мақсұт Нәрікбаев енді «Нұр Отанға» мүше болды. 
 
Мақсұт Нәрікбаев, Қазақ гуманитарлық Заң университетінің президенті:
Әлі де болса, күш-қуат, айтатын сөз бар екен. Мемлекетімізде болып жатқан оқиғаларға қатыспай жүре алмайды екенмін. Байқап жүрген шығарсыздар, ешқандай партияда жоқ болсам да, БАҚ-тан түспеймін.
 
Бұл жолы мүше болып партияға өткендердің партбилеті өзгеше. Жаңа үлгідегі билет пластикалық карточка тәрізді. Ондағы ақпараттар бірыңғай электрондық мәліметтер базасына енгізілген.
 
Аида Байгелова, Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі:
Әр саланың маманы өз саласының кемшіліктерін айтып, соған көмектесіп, сол саланы көтеруге атсалысып жатыр. Мен де мәдениет саласына өз үлесімді қосып, «Нұр Отан» партиясымен бірге өз саламды көтеруге тырысамын.
 
«Нұр Отан» осындай істер тындырып, белсенділігін сездіріп отыр. Қауқарлы ұйым қай іске араласса да, оң шешілуіне ықпал етері анық.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу