Ұлттық қордан бөлінетін 1 триллион теңге қайда жұмсалады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан бөлінетін 1 триллион теңге қайда жұмсалады?

23.02.2014
Ұлттық қордан бөлінетін 1 триллион теңге қайда жұмсалады?
 
Ұлттық қор деген бар бізде. Қиын-қыстау күндерге арналған мемлекет қазынасы. Қазір онда 80 миллиард доллардан астам ақша жатыр. 2008 жылы еліміздің құрылыс индустриясы мен банк секторын дағдарыстың дауылынан аман алып қалған басқа емес, осы қаражат болатын. Сол кезде АҚШ пен Еуропа есеңгіреп жатқан тұста, біздің билік қордан 10 миллиард доллар шығарып, қазақтың экономикасы есін жиып еді.
 
Дегенмен, екінші деңгейлі банктер қит етсе, Ұлттық қорға қарап, аузын ашып, кеңірдегін созуды қоймай келеді. Пейіл-пиғылы дейміз бе, ол енді түсінікті. Ұлт қазынасынан қарыз алып, оны үстеме пайызбен елге үлестіріп, қоң жинау, әл-қуатын арттыру.
 
Сол кезде-ақ, Президент айтқан банктерге: «қаржыларың бітсе, Ұлттық қорға алақан жаюды қойыңдар», - деп еді. Бірақ, биыл тағы да Ұлттық қордың 5 жыл қол тимеген темір құлпын ашып, ақша алуға тура келді. 1 триллион теңге.
 
Алайда, бұл көп қаржы банктерге емес, кәсіпкерліктің қажетіне, екіншіден индустриалды жобаларды ашуға жұмсалады. Мемлекет қаржы институттарына да көмектеседі, әйткенмен, бұл банктер, қымбатты көрермен, Сіз дүрліккендей, банкротқа ұшырамайды.
 
Себебі, Сіз бен Біздің салымдарымызға Мемлекет өзі кепілдік береді. Мұны Мемлекет басшысының өзі осы жұмада шегелеп тұрып айтты. Сонымен, Ақордада өткен кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржы секторын сауықтыру мәселелері жөніндегі кеңесте басқа не айтылды? Сондай-ақ, осы аптада Президент кімдерді қабылдады, нендей тапсырмалар берді?
 
Есептей білген есесін жібермейді. Статисің - есепші. Әлихан Смайылов кешенің есебін, ертеңнің жоспарын баяндады Президентке. Сосын Президент тапсырды: мәліметтер дәл болуы тиіс, бірін-бірі қайталайтын сансыз есеп қысқаруы керек, есеп тәсілін жетілдіру ләзім және ең маңыздысы мәліметтер халыққа да, бизнеске де қажетіне қарай мәлім болуы тиіс.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бағалауды жүргізу керек. Бірақ, құлаш-құлаш қағазды көбейтудің қажеті жоқ. 100-150-дей көрсеткіш болуы мүмкін бе? Әкімдердің жұмысы онсыз да көрініп тұрады. Нақты біз бақылайтын, әкімдер нақты шешім қабылдауға тиіс көрсеткіштерді ғана алу керек.  
 
Әлихан Смайылов, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы:
Бүгін Елбасымен кездесуде 2014 жылға арналған жаңа бағыттар бойынша сұрақтар қаралды. Тапсырма берді Мемлекет басшысы. Соның ішінде статистика сапасын арттыру мәселесі бар. БАҚ - пен тығыз жұмыс жасауды тапсырды.
 
Енді ардагер. Дүниені астаң-кестең қылған II Дүниежүзілік соғыстың біткеніне - бір жылы кем 70 жыл. Президент «Ардагерлер ұйымы» бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевты қабылдады.
 
Ақсақал келер жылы келер мерекені атап өтудің жөн-жобасын Президентпен ақылдасты. Және Президентке ардагерлердің жағдайын баяндап берді. Елімізде қазір 6 мыңдай соғыс ардагері, 220 мың тыл еңбеккері бар.
 
Өмірзақ Озғанбаев, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы:
Елбасы көптеген ұсыныстарымызды қабылдап, олардың барлығына қолдау көрсетті. Сондықтан, біз еліміздегі мерекеге байланысты   өткізілетін шараға үлкен екпінмен кірісеміз. Ардагерлердің алуан түрлі мәселелері бар. Ардагерлердің үй жағдайы, медициналық көмегі, басқа   да мәселелері туралы ақылдастық. Елбасы тиісті органдарға тапсырмасын беретінін айтты, елімізде ардагерлерге деген қамқорлықтың жаңа деңгейге көтерілетінін айтты.
 
Және бір қабылдау. Мемлекет басшысы Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Баракпен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы байланыстар жоғары деңгейде деп бағалады.
 
Қазақстан мен Израиль экономикалық қатынасты дамытуға ынталы. Инвестиция да аз емес. Эхуд Барак Қазақ елінің даму қарқынын жоғары бағалады.
 
Эхуд Барак, Израильдің бұрынғы премьер-министрі:
Қазақстанның Президентімен кездесуде алып корпорациялармен индустриалды-инновациялық, ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық   нығайту секілді мәселелер талқыланды. Менің ойымша, бұл ретте Үкіметтің үлкен мүмкіндігі бар. Біз де өз тарапымыздан әріптесттіке күш саламыз.
 
Экономиканы ынталандыру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлу керек. Бұл - Президенттің өткен аптадағы шешімі. Осы жұма сол ақшаның нақты қайда бөлінетінін, қалай жұмсалатынын Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелерімен пысықтады.
 
Бір триллион екі бағытқа жұмсалмақ: біріншісі - кәсіпкердің қажеті, екіншісі - индустриалды жобалар.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биылғы жылдың жоспарын орындау үшін біз қомақты қаржы бөлдік. Экономиканы несиемен қолдау үшін, шағын және орта бизнесті, индустриалды бағдарламаны қолдау үшін біз шешім қабылдадық. Енді бөлінген 1 триллион теңге экономикаға баруы керек. Ол тиісті шағын және орта бизнеске   және индустриалды жобаларды іске асыруға себебін тигізетін болады. Және көп халыққа жұмыс беретін болады. Жалпы, еліміздің әлеуметтік хал-ахуалын одан әрі жоғарылататын болады. Бұл Ұлттық қордың жасап отырған көмегі деп санау керек.
 
Банк туралы бірер сөз. Қазақтың бірде бір банкі банкрот болмайды.   Өйткені, банктерде - халықтың салымдары жатыр. Олардың қайтарылуына бірінші кезекте мемлекет кепілдік береді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің экономикамыз ойдағыдай, құлдыраған жоқ. Елдегі бірде-бір банк банкротқа ұшырамайды. Біз 2009 жылы БТА және өзге де банктердің де банкрот болуына жол бермедік. Себебі, азаматтардың салымдары болды. Қазір де бұған жол бермейміз. Біз халықтың басым көпшілігінің қаражаты сақталатынына кепілміз. Ал, банктердің айналысында дүрбелең тудырғандар жауапкершілікке тартылады. Елде тыныштық пен тұрақтылықтың болғанын бәріміз де қалаймыз, бұл - барша қазақстандықтардың міндеті.
 
Ақорда - елдің тынысы мен тірлігін мейілінше реттеп, жүйелеп отыр. Дүркін-дүркін кездесулер мен жиындар соның дәлелі.
 
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу