1961 жылы Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен көкке саяхат жасап қайтты. Содан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Жұмыр жердің талай тұрғыны, оның ішінде қазақ жігіттері - Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев та жұлдыздар әлеміне сапарлап келді.
Дегенмен, бізді қазақ ғарышкерлері неге Талғат пен Тоқтардан кейін тоқтап қалды деген сауал мазалайды. Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов дегендерді естуіңіз бар ма?
Ғарышқа ұшсақ, қазақтың атын тағы бір аспандатсақ, деген қос жігіттің тағдыры алаңдатады қазір. 9 жыл бойы «Жұлдызды қалашықта» дайындалып, «ғарышқа әне ұшады, міне ұшады» дегенде арман дейтін арғымақтары сүрініп құлады.
Қаржының жоқтығынан мақсат орындалмады. Өкпелеген Мұхтар Аймаханов Ресей азаматтығын алып, «ғарышты бағындырамын» деп сол елге тартты.
Алаш баласы алғаш ғарышқа ұшқанда қазақтың төбесі көкке екі елі жетпей, қуанышқа бүкіл халық ортақтасқан. Қуанбағанда ше!? Қазақ тәуелсіздігін енді алған елең-алаң тұста Тоқтар Әубәкіров туған елдің атақ-абыройын аспандатып жіберді емес пе?
Одан кейін араға үш жыл салып Талғат Мұсабаев та ғарышқа сапар шекті. Ол тіпті ғарышқа бір емес, үш мәрте ұшып, Абайдың әнін шырқағаны да ел есінде. Хош. Қазақ қос батырын құрмет-қошеметтен кенде қалдырмады. Қаһарман қылды, қолдады, қолпаштады, қызмет берді.
Байқоңырдай айлағы бар елдің батырлары да бар. Бірақ солардың ізін басар інілер қайда? Біздің бүгінгі қаузамақ тақырыбымыз да осы.
Қос ағасының жолын қуған қос қазақ. Мынау - Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов. Ресейдің Хруничев атындағы ғарыш орталығында дайындалып жүрген сәттері. Екеуі де 2000-ші жылдардың басында еліміздің үкіметаралық комиссиясы жариялаған байқаудан сүрінбей өтіп, ғарышқа ұшуға машықтанып жүр.
Ары қарай... Ары қарай бәрінің астаң-кестеңі шықты. 2009-шы жылы қазақтың екі азаматы ғарышқа ұшуы керек еді, қаржы дағдарысы деген кедергі килігіп, сапар кейінге шегеріледі. Бірақ қанша мерзімге екені белгісіз. Осыдан кейін Айдын Айымбетов ауылына қайтса, Мұхтар Аймаханов бірден Ресей азаматтығын алуға ниет білдіріп, сонда қалып қояды.
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
Өте тамаша, қазақ дайындалды, қазақ ұшады. Оған біз неге қарсы шығуымыз керек. Біз қуануымыз керек, қай жерде жүрсе де, қазақтың аты шықсын. Мен ойлаймын, айналайын Мұхтар өте дұрыс істедің. Яғни, азаматтықты ауыстырғанда тұрған ешнәрсе жоқ. Ол қазақпын деп ұшайын деп жатыр.
Ресей азаматтығын қабылдаған Мұхтар Аймаханов өткен жылдың соңында ғарышқа ұшатын космановттардың қатарына ілікті. Әзірге қашан ұшатыны белгісіз. Белгілісі, жаңа экипаждың құрамында дайындығын жасап жүр. Бірақ, еліміздің білдей бір ғарыш агенттігін басқарып отырған Талғат Мұсабаевтың Мұхтардың ісінен хабарсызбын деуі бізді қайран қалдырды.
Рас, Мұхтар қазір туған елінің қолдауынан басқа қарекетке мұқтаж емес. Сәтін салса, арманы алдамаса айға ұшады. Ал ауылда жүрген екінші еріміз Айдын Айымбетовтің халі қалай қазір?
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
Пәтері жоқ. Полковник. Балалары бар шырылдаған, анасы бар қолында. Үй жалдап осында тұрып жатыр. Ол дұрыс па?
Халық қаһарманының осы сөзінен кейін Айдынды іздеп атқа қондық. Тез тауып алдық. Бұрын Ұлттық ғарыш агенттігінде төрағаның кеңесшісі, департаменттің директоры болып қызмет істеген Айдын Айымбетов бүгінде осы агенттікке қарасты ғылыми орталықта қарапайым маман. Қазақы қалпымызбен мал-жанның амандығын сұрағаннан кейін, ұят болса да үйіңіз бар ма деген сауалды төтесінен қойдық.
Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:
Алдымен еңбектеніп, мақсатқа жету керек. Болашақта менің жеке пәтерім де, материалдық жағдайым да жақсарады деген үміттемін.
Айдын өте қарапайым азамат екен. Біртоға. Ыңғайсыздау сауалымызға қысылып, қымсынбады. Керісінше, «ер азамат үйленіп, үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіруді ешкімге міндетсінбеу керек», дейді.
2012 жылы ел Үкіметі Айдынға «Қазақстан ғарышкері» деген ресми мәртебе берген. Бірақ, жігіт ағасы тіпті ол атағына бәз біреулер секілді масаттанбайды да.
Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:
Бұл тек біліктілікті арттыру. Бұл маған ешқандай да дәреже, айрықша құқық әпермейді.
Кейіпкеріміз жаңағы орталықтан бөлек, оқушылар сарайында жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге білгенін үйретіп, болашақ ғарышкерлердің кеудесіне шоқ, келешегіне от жағып жүр. Оның үстіне қосымша табыс табады.
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
Өтінішім бар. Жарайды Мұхтар енді кетті. Өз жолын тапты. Айдын Қазақстанның атынан ұшамын, Қазақстанымды сатпаймын ешқайда деді. Олай болатын болса, неге оған жағдай жасамаймыз? Бір-ақ кісі қалды, сол бір кісіге жағдай жасау керек қой енді. Жеткізу керек, Елбасына жеткізу керек. Оны ешкім жеткізбейді.
Айдын Айымбетов ғарышкер болуды бала жасынан армандайды. Алғаш бес жасында әкесіне көмектесіп, шөп шабуға барады. Қас қарайған сәтте әлгі иісі бұрқыраған жас шабындықта аунап жатып, аққан жұлдызды көреді. Сосын, сосын ғарышкер болам деп өз-өзіне серт береді.
Айдын Айымбетов, сынақшы-ұшқыш:
Менің дайындығым әлі де жақсы. Қазақстанның атынан ғарышқа ұшуға денсаулығым жарап тұр. Бұл – менің арманым.
Айдынның айға ұшуына не кедергі деген сауалды Ұлттық ғарыш агенттігіне жолдадық. Ондағылар кездесуге уақыт таппаса да, телефон арқылы тілдескенімізде төмендегідей жауап қатты.
Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
Айтып отырмын ғой, бұл мәселе бір жағынан саяси мәселе, екінші жағынан ол қаржы мәселесі. Тегін бізді ешкім ұшырмайды. Әлі шешілмеген мәселе. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын.
Жомарттың қолын жоқ байлайды. Әзірге, үйсіз-күйсіз жүрген Айдынның ғарышқа ұшуға өзі қаржы табуы неғайбыл. Үкімет те өз ұлының үмітін үкілеу үшін шара қолданар. Тек оған дейін жігіт ағасының жігері жасымаса болғаны.
Айбек ҚОБДАБАЙ