Биылғы Жолдауда ұлттық мүдде үшін маңызды мәселелер Президенттің назарынан тыс қалған жоқ. Жалпы, өзі темірқазықтай бағыт сілтеп тұрар мұндай құжат әлемнің біраз елінде бар.
Осы құжат арқылы олар барар жолын нақтылайды. Сарапшы не дейді, алып-қосары бар ма? ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев - «Apta.kz» студиясында.
-Серікбай Өрікбайұлы, қайырлы кеш! «Қазақстан-2050» Стратегиясы секілді саяси құжаттар табысты елдердің көбінде бар. Атап айтсақ, Қытай, Малайзия, Түркияда бар. Сіз саясаткерсіз. Қалай ойлайсыз, мұндай ұзақмерзімді құжаттар баянды іске аса ма?
-Мұндай құжаттар - қазір заман талабы. Өйткені, әлем халқы білімді. Көзі ашық. Жаһандану, компьютерлердіру заманы қазір. Білім өте көп. Поляктың Вишневский деген үлкен ғалымы бар, сол кісінің «Әлемдегі бір күнгі ақпарат әлемдегі ең үлкен Нью-Йорк кітапханасына да сыймайды екен» деген сөзі бар.
Сол бір тәулік ақпаратты бір тәулік ішінде бүкіл адамзат миына қондыруымыз керек қой. Міне, сол жаһандану процесінде шатысып кетпеу үшін, біздің халқымыз өз жолын білу үшін осындай стратегиялық жоспарлар болу керек деп, алдыңғы қатарлы елдер ойлап тапқан. Соны халқына жеткізіп, соны пайдаланып жатыр. Ол - заманның талабы. Осы жолмен Қазақстан да жүріп келе жатыр.
-Президент: «Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды», деді. Осы күні дамыған елдерді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы анықтайды. Біздің озық отыздыққа кіруге мүмкіндігіміз жете ме? Кедергілер бар ма?
-Сырттағы кедергі бар, іштегі кедергі бар. Сыртқы саясатта әлемдік қауымдастықпен тіл табысып, бір жұмыс істеуіміз керек, әлемдік қауымдастық пен жалпы жаһандану процесіндегі проблемаларға бірдей атсалысуымыз керек.
Ол - терроризммен күрес, наркотрафиктер, адам ұрлау, адам саудасы және сол сияқты әлемдік жүйедегі маңызды проблемалар. Ол - бір жол. Банк, валюта саласы да бар осының ішінде. Екіншісі - ішкі саясат. Мемлекет ішіндегі тұрақтылық, ауызбіршілік, тыныштықты қамтамасыз етіп, демократиялық құндылықтар мен әр Қазақстан азаматының конституциялық құқықтарын пайдалануына толық мүмкіндік беруіміз керек. Мәселе осы, одан басқа кедергі жоқ.
-Қазір экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмау жоспарланып отыр. Ол үшін қандай қарекет керек?
-Бүгінгі күні 4 пайыз ішкі өнім Қазақстанға үлкен көрсеткіш емес. Біз 6-7-нің ішінде тұрмыз. Оны толық игеретін жағдайымыз бар. Кеңестік кезде мемлекеттік жоспарлау комитеті жоғары деңгейге жетеміз, Американы қуып жетеміз, озып кетеміз деп жоғары деңгейді межелейтін. Ал, 2050 стратегиясында біздің көрсеткішіміз 4-тен төмен болмайды делінген.
-Біздегі шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімінің кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Ал бізде көбіне шағын, орта бизнес өкілдері тексерістен көз ашпайды. Оларға бұл межені бағындыру оңайға түсер ме екен?
-Бұл жерде шағын және орта бизнесіміз сол өнеркәсіптің ішкі өнімінің 50 пайызын шығарады деген ұғым тек қана экономикалық көрсеткіш емес. Ол - саяси көрсеткіш. Ол - психологиялық көрсеткіш. Ол - басқару жүйесіндегі көрсеткіш. 70 жылдан артық Кеңес үкіметінде болу, жалпы мемлекетке қызмет жасау деген ұғым біздің халықтың жадынан өзімнің шаруам, өзім үшін істеймін, өзімнің бизнесім деген ұғымды жоққа шығарып тастады.
Соны біз түбегейлі өзгертуге талпынудамыз. Оған уақыт, кеңістік керек. Бірінші мемлекеттің, Үкіметтің қолдауы қажет.
Содан кейін тұтынушының санын көбейтетін нәрсе - кеңістік. Кедендік қауымдастыққа кіргеннен кейін біздің халқымыз 170 миллионға шығатын кеңістік тапты. Тұтынушы таптық, көрдіңіз бе? Демек, бүгінгі күні біздің шағын және орта бизнестегі азаматтарымызға Қазақстанның 16-17 миллион халқына ғана емес, 170 миллион халқы бар нарыққа шығуға мүмкіндік бердік.
-Серікбай Өрікбайұлы, сұхбатыңызға рахмет. Сізге табыс тілейміз.