«Кедергісіз болашақ» жобасы іске асырылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Кедергісіз болашақ» жобасы іске асырылмақ

26.01.2014
«Кедергісіз болашақ» жобасы іске асырылмақ

Он екі мүшең сау болса, дәулет деген сол. Жаратқан олардың бір мүшесін кем жаратып, сынақ жіберіпті. Бірақ, есесіне, ерік-жігерін шарболаттай шыңдапты. Олардың көкіректері ояу, көңілдері сергек. Қимыл-қозғалыстары қиын болғанымен, құлшыныстары, ұмтылыстары күшті. Олар кембағал жандар.

 
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар» деп біз атағанымызбен, біздің қоғамда мүмкін еместі атқарып жүрген кемтар жан көп. Қажырлы қайрат қылуды, тауқыметке қасқайып қарсы тұруды, бәлкім, сол кісілерден біз үйренуіміз керек шығар.
 
Президент биылғы Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше қолдау көрсету керектігін еске салып, Үкіметке тапсырмалар берген. «Кембағал жандар кемдік көрмесін» деп «Нұр Отан» партиясы олардың өмірін жақсартуға бағытталған «Кедергісіз болашақ» жобасын іске асырмаққа бел буды.
 
Осы аптада еліміз бойынша мүгедек жандарға арналып өткізілген ашық есік күнінде осы жобаның жоспары таныстырылды. Көңілі жарым азаматтар «жалғызбыз» демейді, бағдарламадан үміт күтеді.
 
Жалдамалы үй, аурушаң сәби. Жаңайдың маңдайына жазылғаны осы. Екі  жастағы Әлияның денсаулығы жоқ, дәрігерлер балаңды емдетпесең жанары суалады деп жанын жейді. Ерекше күтім керек, дейді. Бірақ, мына суығы сүйектен өтіп, сау адамды ауру қылатын жалдамалы баспанада қайдағы күтім?!
 
Жаңай Мұхаметжанова, қала тұрғыны:
Шетелге барасың деді, сөйтіп маған 3 күннен қалмай шық деді. Барар жерім жоқ қиын болды ғой маған. Баспанамыз жоқ, қолда бар дүниені саттық, қарыз алдық жоғары өсімде, сөйтіп баламызды Пекинге апардық.
 
«Жығылғанға жұдырық». Қызының амандығын тілеп жүргенде жұмыста жүрген отағасы тоққа түсіп, қатты жарақат алады. Отбасының бар тауқыметі жалғыз Жаңайдың иығына түсті. Қызы мен жолдасының емі бар, пәтердің қарызы бар, көмек сұрап қақпаған есігі қалмады. Жаңайдың жанайқайын ешкім естіген жоқ, бәлкім естігісі келмеді. Міне, «Нұр Отанға» да жетті.
 
Қазір аяқ-қолы балғадай азаматтардың кейбірі үшін баспаналы болу алынбайтын қамал, ал жарымжан жандар үшін қиял. Оларды ешкім жұмысқа алғысы келмейді, қоғамдық орындардағы кедергілерді жіпке тізіп шығу тіпті қиын.
 
Мүгедектердің мәселесіне енді билік партиясы араласты. Нұротандықтар «Кедергісіз болашақ» атты жобаны қолға алды. Ештен кеш жақсы. Мүгедектердің мұңы жоғары мінберден естіле бастады.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Мен тапсырма беремін төменге, орындалып жатыр ма, орындалмай жатыр ма, білмейсің. Ал енді электронды партия осындайларды анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, менен жеке тапсырма кетсе, мен электронды партиядан көремін қалай орындалып жатқанын.
 
Ал, атыраулық Теміржан Кенжалиев тағдырластары үшін шыр-пыр болып жүргені. Өмірі қараңғы түнек жандар бас қосатын орталық салып бастаған, аяқтауға қаржы қолбайлау болып тұр.
 
Теміржан Кенжалиев, қала тұрғыны:
Квотамен Астанаға, Алматыға баратын мүгедектерге қосымша жолақы төленсе деген сұрақ қойды. Соқырлар қоғамына арнап бір ғимарат бастағанбыз, аяқтау үшін демеуші іздеп сұрақ қойдық. Ол кісілер уәде беріп жатыр.
 
Ал, тараздық тұрғын Саят Бәтей болса, шеберхана ашып, автокөлік бөлшектерін саудаласам, дейді. Несие алу үшін бірнеше банкке барып көріпті. Мүмкіндігі шектеулі жанға барлық банк «жоқ» деп жауап берді. Салы суға кеткен Саяттың арманына бүгін «Нұр Отан» партиясы қанат бітірді.
 
Саят Бәтей, қала тұрғыны:
Пайда көру, салық төлеу. Мемлекет салықпен отыр ғой. Еңбек еткім келеді.
 
Қазір елімізде 627 мың мүгедек жан бар. Олардың 404 мыңы еңбекке жарамды. Соның тек 51 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Жаңайдың жан-айқайын естір құлақ табылды. Оның жүрегінде үміт оты оянды. «Кедергісіз болашақ» жобасы арқылы жылы үйге қоныстанып, бүлдіршінінің сауығып кетеріне сенеді ол.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу