Сочиде өтетін дүбірлі додаға бабымыз қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сочиде өтетін дүбірлі додаға бабымыз қалай?

12.01.2014
Сочиде өтетін дүбірлі додаға бабымыз қалай?
Біздің спортшыларды алда үлкен сын күтіп тұр. Сочидегі XXII Қысқы Олимпиада ойындарына бүгіннен есептесек, 26 күн қалды. Дүбірлі додаға бабымыз қалай? «Apta.kz» студиясында - Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Елсияр Қанағатов. 
 
-Елсияр Баймұхамедұлы, қайырлы кеш! Ванкуверден кейін Сочиге тас-түйін дайындалған шығарсыздар. Бабымыз қалай?
 
-Жалпы, Ванкувер Олимпиадасы біткеннен соң, бекітілген жоспар бойынша біздің спортшылар осы Олимпиадаға үлкен дайындықты бастады. Жалпы, мемлекет тарапынан, «Самұрық-Қазына» тарапынан, федерация Ұлттық Олимпиада комитетімен бірігіп, спортшыларымызға барлық жағдай жасалды. Енді соңғы кезеңдер өтіп жатыр. Кей спортшыларымыз жолдама алу жарыстарында. 19-шы қаңтарда Сочиге баратын спортшыларымыздың тізімі бекітіледі. Сондықтан, «бақ шаба ма, бап шаба» деген. Бағы да, бабы да жарассын!
 
-Біздің қыз-жігіттер спорттың қай түрлерінен барады? Қанша жолдамамыз бар?
 
-Жалпы, біз жоспар бойынша 40-тан астам жолдама аламыз дегенбіз, нақтысы сол 19-ы күні белгілі болады. Ванкуверде 8 спорт түрінен өтсе, қазір 9 спорт түрінен жолдама аламыз, деген үміттеміз.
 
-Бәйгеге қосқан сәйгүліктей баптап отырғандарыңыз көп. Алайда, солардың ішінен осылар жеңіс тұғырынан көрінеді, деп кімдерді атар едіңіз?
 
-Әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен Денис Кузинді айтар едім. Сосын Алексей Полторанинге ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, соңғы халықаралық Әлем кубоктарында жақсы өнер көрсетті. Николой Чебатько өз бабында. Денис Кузин, мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, содан кейін фристайлдан Дмитрий Рейхард, Галышева, шорт тректен біздің жас спортшылар эстафетадан сегіз мемлекеттің арасына кіріп жолдама алды. Олар жас болса да, жақсы өнер көрсетті.
 
-Жалпы, қанша алтын, күміс, қола аламыз деп жоспарлап отырсыздар?
 
-Ванкувер Олимпиадасынан кем болмасын деген нәтиже қойсақ, біз кем дегенде екі медаль аламыз, деген жоспар бар.
 
-Арқадан қақса арқаланамыз. Оларды ынталандыру жағы қалай? Жеңсе қандай сыйлық күтіп тұр оларды?
 
-Мемлекет тарапынан Лондон Олимпиадасындағы марапат 250 мың доллар беріледі. Яғни, 250 мың доллар спортшыға, тағы 250 мың доллар жаттықтырушысына беріледі. Алтыншы орынға дейін Үкімет тарапынан болады. Одан басқа демеушілер бар, облыстық әкімдіктер бар. Сондықтан, марапат жағынан біздің спортшыларға барлық жағдай жасалған.
 
-Легионерлер бар ма?
 
-Үміт артқан спортшыларымыздың барлығы, былтырғы Әлем чемпионатында нәтиже көрсеткен спортшылардың бәрі өзіміздікі. Енді Хрусталева туралы айтсақ, оның өзі Қазақстанның нағыз патриоты. Жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанайдан шыққан қыз-жігітеріміз бар.
 
-Сұхбатыңызға рахмет!

Хабарламаларға жазылу