Алатаудың әр қиясы мен шатқалы тұнған сұлулық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алатаудың әр қиясы мен шатқалы тұнған сұлулық

12.01.2014
Алатаудың әр қиясы мен шатқалы тұнған сұлулық

Уақыт деген шапқанда табанымен тас илеген Тайбурылдай екен. 2014-ші жыл да басталды. Іркес-тіркес келген қос мерекенің дуы мен буы басылмай тұрып, депутаттар ел аралауға кетіп еді.

 
Батыс пен шығыс, күнгей мен теріскейдегі ағайынның аужайына қаныққан олар аттың белін суытпастан осы аптада Астанаға қайта оралып, Жаңа жылдағы алғашқы отырыстарын өткізді. Ахметовтің атқарушы билігі де қамсыз отырған жоқ.
 
Индустрияландырудың алдағы 5 жылдығын іске асыруға қамдана бастады. Қысқасы билікке де, бұқараға да босаңсуға болмас. Жаңа жылда жаңа міндеттер, жоба- жоспарлар күтіп тұр.
 
1-ші қаңтарда Президент Назарбаев «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын дамыту тұжырымдамасын салмақтады. Кешен Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында. 1 мың 100 гектар аумақты қамтиды, оның 17 гектарына шаңғышылар ауылы орналасады. Мұнда жыл сайын 1 миллион жиһангез келеді деп болжанған.
 
Кешеннен елге түсер пайда жылына 3 миллиард долларға жуықтамақ. Ал, британдық «The Rough Guide» басылымы Алматыны саяхатшылар баруы тиіс жаһандағы жеті қаланың санатына енгізді. Туристерге қолайлы, тартымды екен, қазақтың қаласы.
 
Өйткені, Алатаудың әр шыңы, әр қиясы мен шатқалы тұнған сұлулық. Бір жағынан Қазақстанға саяхаттайтындардың 80 пайызы Алматыға түседі екен. Енді бұрынғы бас шаһар Рио-де Жанейро, Сараево, Ливерпуль сынды 2014 жылы міндетті түрде аралайтын ең сұлу қалалардың қатарынан көрінеді.
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу