Ел тұрғындары Астанадағы кітапханалардың мұрасын онлайн режимде оқи алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел тұрғындары Астанадағы кітапханалардың мұрасын онлайн режимде оқи алады

29.05.2018

Енді ел тұрғындары ешқайда бармай-ақ, Астанадағы кітапханалардың мол мұрасын онлайн режимде оқи алады. Бұл істі «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және елорданың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірігіп атқарады. Бүгін қол қойылған үшжақты меморандумға сәйкес, алдымен қаладағы кітапханалар қоры электронды форматқа ауыстырылады.

Сонымен қатар, ескірген шығармалардың барлығы жаңартылып, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған туындылармен толығады.

Ең бастысы, келушілерге сирек қолжазбаларды оқумен қатар, тиімді бағамен сату, алу мүмкіндігі жасалады. Бұл - бас партияның биылға жоспарлаған 9 жобасының бірі. Игі іс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Шыңғысхан Қожахметов, «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары:

- Әр қызметкер, инспектор әр кітапханаларды бақылауына алып, бастаманың іске асырылуын қадағалайтын болады. Екінші тарап қаржылық жағын жүзеге асырады. Шығыстарды «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы өзінің «20 мейірімді іс» жобасы аясында өз мойнына алады. Ол қаражатқа кітапханалардың материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп, кітапханалар қоры толықтырылады. 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу