Бүгін Еуразия Ұлттық университетінде «100 жаңа кітап» жобасы бойынша ғылыми кеңестің отырысы өтті. Дәл осы оқу орнының ғалымдары кітаптарды ағылшын тілінен аударуға үлкен үлес қосқан болатын. Ғалымдар мұндай жобаның қажеттілігін ерекше атап өтті. Өйткені, жоғарғы оқу орындарында студенттер осы күнге дейін ескі оқулықтармен білім алып келді. Онда да көбісі орыс тілінде болды. Ал, әлемдік деңгейдегі оқулықтардың ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылуы білім алу сапасы бойынша өте маңызды. Өйткені, кез келген тілде ғылыми ақпарат сақталса және ол тілде ғылыми әдебиеттің қоры мол болса, ол соншалықты тартымды болады. Ал, жақсы маман даярлау үшін ғылыми және өз саласындағы жаңа ақпарат керек.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Жаңадан аударылып жатқан оқулықтарды қазақ тілінде шығарудың, қазақ тілінде жеткізу қазақтілді қауым үшін, одан кейін әрине, қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер, ізденушілер үшін өте маңызды қадам. Өйткені, ана тілінде ақпарат алу, ана тіліндегі ақпаратты қорыту, ана тіліндегі ақпаратты сараптау оны аударып отырғаннан әлдеқайда өте маңызды.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ