«100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітап бойынша жаңа оқу жылынан бастап студенттер білім алатын болды. Бұл - әлем тарихындағы ең үздік ғылыми еңбектер. Түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне тәржімаланған туындылар сан түрлі саланы қамтиды.
Ілімнің інжулері іріктеліп, озық ойлар жазылған 18 оқулық. Бұл үлкен жобаның алғашқы нәтижелері ғана. Қазіргі уақытта аударма жұмысы жалғасуда. Мәтіндер бірнеше әдеби және ғылыми редакциядан өтуде. Ал, жарыққа шыққан оқулықтар білім жүйесіне еніп, барша қазақстандықтардың игілігіне өтуі тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
-Тікелей өз тілімізге аудару бірінші рет болып отыр. Әр тілге аударған сайын біраз өзгерістер бәрібір болады. Олар жастарға гуманитарлық қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Осы ғажайып білім қорын іс жүзінде кәдеге жаратуымыз керек. Міне, оқулықтарды қолға бердік. Енді оны пайдалану қоғамның міндеті болуы керек.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - мемлекеттік жоба. «Ұлттық аударма бюросы» - қоғамдық қор. Сондықтан, бұл жобада әуел бастан коммерциялық компонент, пайда табу мақсаты жоқ және кітаптар ашық сатылымға шықпайды. Яғни, 10 000 дана тиражбен шығатын оқулықтар тек жоғарғы оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылады.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:
-Әдетте мұндай оқулықты дайындауға баспаға 2 жылға дейін уақыт кетеді. Және жарты млн-нан бір млн.долларға дейін ақша кетеді деп халықаралық әріптестер түсіндіріп айтты. Сондықтан да оқулықтар жеке сатылатын болса, өте қымбат тұрады. «Болашақпен» оқып жүргендер біледі. Ал, оны мемлекет тарапынан қаржы бөліп, тегін тарату еш жерде жоқ тәжірибе.
Одан бөлек, жақын арада кітаптардың PDF нұсқасы «kitap.kz» және «100kitap.kz» сайттарында жарияланады, кез келген адам қарап, оқи алады. Сондай-ақ, биыл тағы да 30 кітап аударылып жатыр. Олардың ішінде өнер, тарих, саясаттану, мәдениеттану және құқықтану салалары қосылған.