Ерлан Қарин: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді

12.04.2018
Ерлан Қарин: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Карин Астанадағы Назарбаев орталығында өтіп жатқан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тиімді тұсын айтты.

Мұндай бастаманың бұрын-соңды ешбір елде болмағанын тілге тиек еткен Басқарма басшысы бұл жобаның Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді, дейді. 

«Әлемге танымал шығармалар тікелей қазақ тіліне аударылып отыр. Бұл бір жағынан Қазақстанның мүмкіндігін көрсетсе, екінші жағынан Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді. Себебі, осынау жобаны іске асыру үшін кәсіби мамандар және жоғары дайындық қажет», - деді Е.Қарин.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин АҚШ пен Ұлыбритания университеттерінде кітаптардың үздік ондығына кіретін бұл оқулықтарды университет оқытушылары мен студенттері  тегін оқи алатынын жеткізді. 

«Мәселен, Карен Армстронгтың 1994 жылы жазылған «Құдайдың тариxы» атты кітабы әлемнің 30 тіліне аударылып, Кебридж, Гарвард, Оксфорд және тағы басқа жетекші жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылып келеді. Ол - бір. Екіншіден, аталған оқулықтардың бағасы да арзан емес. Ұлыбританияда әрбір кітап 30 фунттан жоғары тұрады. Шетелде ондай оқулықтарды іздеп жүріп, сатып алады. Ал біздің студенттеріміз оның бәрін тегін оқи алады», - деп атап көрсетті Е.Қарин.

Айта кетейік, бүгін Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптар таныстырылды. 

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу