Тәңіртаудан таңбалы тастар табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәңіртаудан таңбалы тастар табылды

09.10.2018

Алатау сілемдерінің теңіз деңгейінен 3500 метр биіктігінде бұған дейін ғылымда беймәлім болып келген таңбалы тастар табылды. Қыземшек асуындағы жартастардан табылған құнды жәдігерлер тарихшылар мен саяхатшылардың қызығушылығын туғызды. Мамандардың сөзінше, бұл әлемдегі биік тау шатқалынан табылған алғашқы петроглифтер. Сондықтан, туристерді тартуға зор мүмкіндік.

Жетісу өңірі байырғы өркениеттің ордасы болғандықтан, мұнда әлі де болса құпиясы ашылмай келе жатқан тарихи-мәдени ескерткіш көп. Солардың бірі, Еңбекшіқазақ ауданындағы - Қыземшек петроглифтері. Мұнда таутеке мен арқар бейнеленген. Сондықтан, әр таңбаның сыры бар.

Ықылым заманнан жеткен қолтаңба, дейді ғалымдар. Өйткені, бабаларымыздың қолының табы қалған петроглифтер ежелгі адамдардың көрген дүниесін қорытып, ойды суретпен жеткізе алғандығының дәлелі. Сондай-ақ, Қыземшек асуынан бұдан басқа ежелгі аңшылардың мекен-тұрағы мен Ыстықкөл бағытына жүретін керуен жолы да табылды.  

Досым Зікірия,  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым хатшысы:   

-Бұл петроглифтер қола дәуірінен бастап ерте темір ғасырына дейінгі аралықты қамтып отыр. Петроглифтегі суреттерді зерттей келе осы жерде ежелгі сақтардың болсын, кейінгі үйсіндердің болсын патшаларының саятшылық құрған орны болды-ау деп жобалап отырмыз.

Қыземшек петроглифтері 21-23 қыркүйек аралығында өткен «Алтын адамды» тұңғыш ашқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовты еске алуға арналған экспедиция кезінде табылды. Енді олар мұнымен шектелмей, індете зерттемекші.

Мұхтар Есқалиев,  Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:

-Біз енді жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Неге десеңіздер, қазіргі «Рухан жаңғыру» бағдарламасы аясында мына киелі мекендерді зерттеп, қайтадан жаңғыртып жандандыру керек.  

Қыземшек петроглифтерінің саны 180-нен асады. Дегенмен, зерттеушілер осы маңда басқа да тарихи маңызды жәдігерлер болуы мүмкін екендігін айтты. Сондықтан, мамандар туризмді дамыту үшін осындай көрікті жерлерді тыңғылықты зерттеп, экспедицияларды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Себебі, олардың пікірінше, Елбасы Жолдауындағы «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа бастамасы осындай киелі жерлердің көптеп ашылуына негіз болады.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу