«Түнгі студия» бағдарламасына қонаққа келген «Қуандық пен Бақыт» театрының мүшелері Қуандық Шәкіржанов пен Бақыт Әліпбаева шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.
«Бауыржан Ибрагимов театрына ең алғаш қабылданған қызбын. Оған дейін жігіттер болды. Қуандық екеуміз курстаспыз, Тұңғышбай Жаманқұловтың класын бітірдік. Біз бітірген жылы Бауыржан ағамыз фестиваль ұйымдастырып, біздің жігіттер қатысып, жеңімпаз болды. Сол жігіттердің арқасында Бауыржан ағамыз театр ашты. Жігіттерге қыз керек болған соң, мен шақырту алдым»,-дейді Б.Әліпбаева әзіл-сықақ әлеміне алғашқы қадамы туралы.
Қос актер көпшілікке «Бауыржан шоу» театрының «құда-құдағиы» ретінде танымал. Ал, «Қуандық пен Бақыт» театрының құрылуы жайында Қуандық Шәкіржанов: «Әбунасыр Серіков «Нысана» театрын, Алмат Сақатов «Керемет» театрын ашты. Қарагөз өз шығармашылығымен, Бауыржан ағамыз Астанаға, Нұрбек Атырауға кетті. Осылай, театрда екеуміз ғана қалыппыз. Бақытқа «біз театр ашпай-ақ, бірігіп концерт берейік», дедім. «Қуандық пен Бақыт» театр аяқасты пайда болды».
Айта кетсек, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Жаңа қоныс» телетоптамасында Қуандық Шәкіржанов пен Бақыт Әліпбаева басты рөлдерді сомдайды. Телехикаяның үшінші маусымы көрерменге алдағы күндері жол тартады.