«Qazaqstan» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Балет. Бекзада өнер бесігі » деректі фильмі таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Балет. Бекзада өнер бесігі » деректі фильмі таныстырылды

20.11.2017
«Qazaqstan» телеарнасының тапсырысымен  түсірілген «Балет. Бекзада өнер бесігі » деректі фильмі таныстырылды

Бүгін «Qazaqstan»  телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген «Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмінің таныстыру рәсімі өтті.

Шараға «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры Асқар Әшімов, фильмнің авторы және продюсері Динара Сәтжан және Қазақ ұлттық хореография академиясының өкілдері қатысты.

Жобаның  мақсаты -  Қазақстанның қазіргі  мәдениеті мен өнердегі жетістіктерін насихаттауға бағытталған арнайы жобаларды  дамыту.

 «Балет. Бекзада өнер бесігі» деректі фильмі Астана қаласында 2016 жылы Елбасының қолдауымен ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясының тыныс-тіршілігін суреттейді. Басты кейіпкерлер Академия табалдырығын алғаш аттаған кездерін еске алып, күнделікті күн тәртібімен бөліседі.

«Qazaqstan» телеарнасының директоры Асқар Әшімовтың айтуынша: «Ұлттық арна деректі фильмдердің түсіріліміне, оның ішінде деректі журналистикаға да ерекше мән береді. Биыл бірнеше деректі фильмдерді жүзеге асырдық, айта кетсем, еліміздің тарихи тұлғалары жайлы түсілірген «Ұлы дала ұлағаты», Қазақстанның  табиғи ескерткіштерімен таныстыратын «Киелі Қазақстан» және тағы да  бірнеше  деректі фильмдер жарық көрді. Бүгін сіздерге ұсынып отырған «Балет. Бекзада өнер бесігі» Елбасымыздың идеясымен жүзеге асқан мәдени нысандар жайлы деректі фильмдер топтамасының алғашқы туындысы. Осындай бірегей туындыларды жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Мәселен, келесі фильмдерде  Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Астана» президенттік кәсіби спорт кешені сияқты  т.б нысандарды негізге алатын боламыз.

Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары хореография Академиясында, Тараз қаласындағы Камила Орманованың  шаңырағында және кішкентай Әлидің туып өскен ШҚО  Глубокое ауылында өтті.

Деректі фильмнің авторы және продюсері Динара Сәтжанның айтуынша: «Фильмнің басты идеясы балет әртісі мамандығының қыр-сырын көрсетумен қатар, балалардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін, сондай-ақ бұл мамандықтың  үлкен еңбекқорлықты талап ететінін жеткізу. Жалпы айтқанда, хореография Академиясында тәрбиеленіп жүрген  кішкентай кейіпкерлердің көзімен шынайы жағдайды көрсеткіміз келеді. Ең бастысы, Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын кез келген талантты  бала әлеуметтік жағдайына қарамастан  осы оқу орнына еш кедергісіз түсе алатынын айтқымыз келеді».

Айта кетейік, деректі фильм 21-23 қараша аралығында «Kinopark» кинотеатрлар желісіне қарасты: Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында көрсетілетін болады. Барлық келушілерге кіру тегін.

Хабарламаларға жазылу