Францияның Биарриц қаласында «Үлкен жетілік» саммиті үшінші күнге ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияның Биарриц қаласында «Үлкен жетілік» саммиті үшінші күнге ұласты

26.08.2019

Оның бүгінгі сессиясы АҚШ президенті Дональд Трампсыз ашылды. Қазір қалған алты елдің лидерлері мен Азиядан, Африкадан, Латын Америкасынан шақырылған ресми өкілдер климаттың өзгеру проблемасын талқылап жатыр. Нақтырақ айтсақ, олар Амазон тропикалық орманындағы өртті тоқтатуға қаржылық және техникалық көмек көрсету туралы келісімді қарастырады.

Франция президенті Эммануэль Макрон Амазонды үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті үндістердің жәрдемімен қорғау үшін қаржыны көбірек бөлуді ұсынып отыр. Және де ол өткен аптада Бразилия президенті Жаир Болсонаруды «планетаның өкпесі» аталған ылғалды джунглидегі өртті сөндіруге жеткілікті күш жұмсамады деп айыптады.

Айта кетсек, «Үлкен жетілікке» Франция, Ұлыбритания, Канада, Германия, Италия, Жапония және Америка Құрама Штаттары кіреді. Соңғысының басшысы Трамп АҚШ-ты Париж климаттық келісімінен шығарғаны белгілі.

Макрон саммиттің күн тәртібіне демократияны қорғау, гендерлік теңдік, білім проблемаларымен бірге Иран мәселесі мен Ливиядағы жағдайды да енгізді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу