Ресейде жолаушылар ұшағы апатты жағдайда жүгері алқабына қонды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде жолаушылар ұшағы апатты жағдайда жүгері алқабына қонды

15.08.2019

Ресейде «Урал әуе жолдары» компаниясының Airbus A321 ұшағы апатты жағдайда Мәскеу облысындағы жүгері алқабына қонды. Ол осы аймақтағы «Жуковский» әуежайынан аспанға көтеріліп, Симферопольға аттанбақ болған. Алайда лайнер бір топ құспен соқтығысқаннан кейін пилоттар оны алқаптың қауіпсіз жеріне қондыруға шешім қабылдаған.

Әуе машинасының бортында 224 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі болды. Соңғы мәліметке қарағанда, 20-дан астам адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің ішінде 9 бала мен бір жүкті әйел бар.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, құстар кіріп кеткенде, ұшақтың екі моторы да істен шыққан. Ресейде мұндай оқиғалар жиілеп барады. 2018 жылдың 11 айында көрші елде 930 ұшақ құстармен қақтығысқан екен.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу