Ливия жағалауында мигранттар отырған қайық аударылып, 150 адам жоғалып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ливия жағалауында мигранттар отырған қайық аударылып, 150 адам жоғалып кетті

26.07.2019

Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі агенттігі олар суға батып, қаза табуы мүмкін деп отыр.

Оқиға Әл-Хомс қаласының жағалауы маңында болды. Ағаш қайықтағы 300-ге жуық мигрант Еуропаға жетпек болған. Олардың көбі - Африка мен Араб елдерінен. Дегенмен 147 адамды жергілікті балықшылар құтқарып алған. Аман қалғандардың айтуынша, көмек келгенге дейін босқындар теңізде жеті сағаттай жүзген. Қазір олар қалаға жеткізілді.

Жақсы тұрмыс іздеп, бастарын қауіпке тіккен мигранттар осы трагедия үшін Миграция жөніндегі халықаралық ұйымды кінәлап отыр.

Сабах Юссеф, судандық мигрант:

Апаттан жеті жастағы ұлым қаза тапты. Барлығы да сол ұйымның кесірінен. Мен оларға бірнеше рет барып, өзім үшін, балаларым үшін көмек сұрадым. Алайда құлақ аспады. Енді маған ештеңе керек емес. Тек еліме қайтқым келеді.

Айта кетсек, жыл басынан бері Жерорта теңізінде 600-дей мигрант қаза тапқан. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди мигранттарды құтқару жөніндегі бағдарламаны қайта іске қосуға шақырып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ
 

Хабарламаларға жазылу