Украинаның қауіпсіздік қызметі Ресейдің Neyma танкерін ұстады. Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, су көлігіне қарсы мұндай әрекет «Керчь бұғазында украиналық әскери кемелердің жолын бөгегені үшін» қолданылды. Құзырлы органдар танкерді тінтіп, құжаттар мен журнал-жазбаларды тәркілеген. Және де ресейлік 15 әскери маман осы іс бойынша күдікті деп танылды.
Ресей Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтаған соң, Украинаға қарсы шара қолданатынын ескертіп отыр.
Айта кетсек, 2018 жылы күзде ресейлік шекарашылар Керчь бұғазында Украинаның үш кемесін тұтқындағаны белгілі. Олардың бортында болған 24 теңізші «ел шекарасын бұзды» деп айыпталып, Ресейде қамауға алынды. Дегенмен Киев тағылған кінәні жоққа шығарып, Мәскеуден оларды босатуды талап етіп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ