Киотодағы өрттен қаза тапқандар саны 33-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киотодағы өрттен қаза тапқандар саны 33-ке жетті

18.07.2019

Жапонияның Киото қаласында аниме-студияда болған өрттен қаза тапқандар саны 33-ке жетті. Тағы он шақтысы зардап шегіп, ауруханада жатыр. Қайғылы жағдайға байланысты ел премьер-министрі Синдзо Абэ қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Өрт жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат он жарымда басталды. Бұл уақытта Kioto Anymation компаниясының 70-ке жуық қызметкері жұмыста болған. Полиция өрттің қасақана жасалғанын анықтады. Күдікті деп танылған 41 жастағы ер адам кінәсін мойындады. Ол ғимарат ішінде жанармай төгіп, от қойған.  Ал оның мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, күдікті «менің идеяларымды ұрладыңдар» деп айқайлаған.

Тілсіз жаумен күресу үшін 40 өрт сөндіру бригадасы жұмылдырылды. Ғимараттың бірнеше қабатын шарпыған от 5 сағаттан соң сөндірілген. Қазір оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу