Жапонияда аниме-студиядан өрт шығып, кемінде 12 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапонияда аниме-студиядан өрт шығып, кемінде 12 адам қаза тапты

18.07.2019

Жапонияның Киото қаласында аниме-студиядан өрт шығып, кемінде 12 адам қаза тапты. Тағы 36-сы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Олардың он шақтысы ауыр халде. Сонымен қатар, 20-ға жуық адам жоғалғандар санатында.

Өрт жергілікті уақытпен таңертеңгі 10:30-да басталды. Бұл уақытта «Kioto Animation» компаниясының 70-ке жуық қызметкері жұмыста болған. Полиция өрттің қасақана жасалғанын анықтады. Күдікті деп танылған 41 жастағы ер адам кінәсін мойындады. Ол ғимарат ішінде жанармай төгіп, от қойған. Ал оның мұндай әрекетке не себепті барғаны әлі белгісіз.

Тілсіз жаумен күресу үшін 40 өрт сөндіру бригадасы жұмылдырылды. Ғимараттың бірнеше қабатын шарпыған от 5 сағаттан соң сөндірілген. Қазір оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу