Экстрадиция туралы заңға өзгеріс енгізуге наразылық білдіріп жатыр. Бұл – арнайы әкімшілік аудан тарихындағы ең ірі шерулердің бірі. Оған тұрғындар қара киіммен барды. Сондықтан, бұл акция «қара теңіз» деп аталып кетті.
Жергілікті үкімет аталған заңды қабылдауды тоқтатты. Алайда, демонстранттар даулы жобаны толық доғаруға шақырды. Жексенбі күні Гонконг басшысы халықтан кешірім сұрады. Сонда да манифестанттар одан биліктен кетуді талап етіп жатыр.
Егер наразылыққа себепші ереже қабылданып кететін болса, Гонконгта айыпты деп табылған адам материктік Қытайға, Тайваньға, Макаоға экстрадицияланады.
Ұлыбритания Гонконгты Қытайға 1997 жылы қайтарды. Бірақ, «бір ел – екі жүйе» принципі бойынша, сол кезде Гонконгтің құқықтық тәуелсіздігін, заң шығару органын және экономикалық жүйесін сақтауға Бейжің тарапынан кепілдік берілген еді.
Арыстан РЫСБЕК