Демонстранттар Владимир Зеленскийден Донбасстағы соғысты тоқтату келіссөздерінде қатаң позиция ұстануға шақырды. Сонымен қатар, олар әскери жанжалды доғару жөніндегі Минск процесіне соғыс ардагерлерін де тартуға үндеді.
Акция барысында «Зеленский отставкаға кет!», «Президент әкімшілігі – Малороссия әкімшілігі», «Соғыс тоқтасын!» деген ұрандар көтерілді.
Маусымның 6-нан бері Луганск және Донецк облыстарында сепаратистермен болған қақтығыстардан төрт украиналық жауынгер қаза тауып, ондағаны жараланды. Осы оқиғадан кейін Киевтің Минск келіссөздеріндегі өкілі Леонид Кучма Донбасстағы жағдайға қатысты оптимизм білдірген.
Франция мен Германияның арағайындығымен жүргізілген Минск диалогы Украинаның шығысындағы негізгі соғысты тоқтатқанымен, атыстарға біржола нүкте қоя алмай отыр.
Арыстан РЫСБЕК