Алжирде шілденің 4-інде президенттік сайлау өтпейтін болды. Өйткені оған қатысатын кандидат жоқ. Осылайша бұл солтүстікафрикалық мемлекетте саяси дағдарыс әрі қарай жалғасып, шерулер 16-шы аптаға ұласып отыр. Демонстрацияларға жұма күні жүздеген мың адам қатысқан.
Алжирді 20 жылдай басқарған Абделазиз Бутефлика екі ай бұрын отставкаға кетті. Бірақ халық оның орнына келген уақытша президент Абделкадер Бенсалахты да отставкаға жіберіп, 1962 жылдан бері билік еткен ескі элитаны басшылықтан аластатуға күш салып жатыр.
Елдің Конституциялық кеңесінің мәлімдеуінше, шілдеге белгіленген президенттік сайлауға қатысуы тиіс екі үміткер де қажетті 60 мың қолды жинай алмаған. Сондықтан алжирліктер бір айдан кейін дауыс беруге бармайтын болды. Және де жергілікті тұрғындардың мемлекеттің жаңа жетекшісін енді қашан таңдайтыны бүгінше белгісіз болып отыр.
Арыстан РЫСБЕК