Түркі елдері кәсіпкерлері бизнесті бірлесіп түлетпек. Бүгін мүше мемлекеттер Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан сауда-өнеркәсіп палатасының жарғысына қол қойды. Әрине тізім әлі түгел емес. Серіктестер Өзбекстан мен Түркіменстанның да қатарға қосылатынына сенімді. Сөйтіп ортақ палата ортақ пайда табуға талпыныс жасап отыр.
Жарлыққа қол қою арқылы түркі елдері үлкен нарыққа жол ашты. Сарапшылар бұлардың ортақ нарығын 1 триллион доллардан астам деп отыр. Ал сырт мемлекеттерге жыл сайын экспорттайтын өнім көлемі 250 миллион долларды құрайды. Еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин енді жеке сектордың жедел дамитынына сенім білдірді.
Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:
Қазақстан Үкіметі бұл бастаманы қуана қолдайды және оны дамытуда, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруда барынша жәрдемдеседі. Аталған шаралар түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де өте тиімді, енді бұл ынтымақтастықтан нақты нәтижелер күтеміз.
Түркия нарықтың парқын бізден сұра,-деп отыр. Себебі берісі Ресей, арысы Израильге дейін сауда жасайды. Әлемде тауар сату бойынша 6-шы, ал құрылыстан 2-ші орында тұр. 109 елде құрылыс жүргізеді. Атқарған жұмыс айналымының пайдасы 355 миллиард долларға жетіпті. Өздерін әбден дәлелдеген елге 220 миллиард доллар халықаралық инвестиция құйылған. Осы ретте түркиялық әріптестері тәжірибелерімен бөлісуге әзір.
Рифата Хисарджыклыоглу, Түркияның сауда палаталары мен тауарлы биржалары кеңесінің президенті:
Жер қойнауы байлығына сеніп отырған ел аз. Экономиканы әртараптандырмай, әл-ауқатты арттыру – қиын. Біздің бұл тұрғыда мақтанарлық тұсымыз көп. Тек кедендік өткізу пунктеріміздің әлуеті БҰҰ тарапынан мойындалған. Түркі бауырларымыздан қажет көмегімізді аямаймыз. Сондай-ақ сауда жасаушы елдер арасында қырқысып-қырсығу болмайды.
Түркі елдері ортақ палатасының бас кеңсесі Стамбұлда орналасты. Мүше мемлекеттер бизнес аясында түрлі мәселені шешуге мүдделі. Және керісінше іскерлік байланысты нығайтуға асық.
Нұралы Бөкейханов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
Өндірістік кооперациямен кейбір саладағы біздің кәсіпкерлерді түркі кәсіпкерлерімен қосып дайын өнім шығару жоспарда бар. Ол мына түркі мемлекеттері кәсіпкерлері қосылып Қытай, Ресей, Индия сияқты үлкен нарықтарға шығуға.
Түркі елдерінің рухани-мәдени байланысы берік. Ендігісі іскерлік қатынасты бекемдеу. Осы ретте ортақ палата бәсекелестік емес серіктестік үшін құрылғанын айтты.
Нысаналы ЫҒЫЛ