Соңғы мәліметке қарағанда, 35 адам қаза тапқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы үкімет армиясы мен оның қарсыластары арасындағы қақтығысқа тосқауыл қоя алмады. Ал, Батыс елдері азаматтарын солтүстікафрикалық мемлекеттен әкетіп жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бұл – Ливияның халықаралық қауымдастық мойындаған және Біріккен Ұлттар Ұйымына сүйенген Ұлттық Келісім Үкіметінің сарбаздары. Олардың қатарына батыстағы Мисрата қаласынан жауынгерлер мен зеңбірекпен жабдықталған пикап машиналары да қосылып жатыр. Мақсаттары – ел астанасы Триполиді шығыстан жеткен күштерге алдырмау. Сол шайқасқа арналған операцияны үкімет «Ызаның вулканы» деп атап отыр.
Мұхаммед Гноуноу, Үкімет әскерінің өкілі:
- Бүгін Ливия қарулы күштері «Ыза вулканы» операциясының басталғанын жариялайды. Оның көздегені – Ливияның барлық қалаларын басқыншылардан, заңға қарсы күштерден тазарту.
Үкімет өкілі басқыншы деп атаған күштерге 75 жастағы Халифа Хафтар қолбасшылық етіп отыр. Бұл генерал 1969 жылы полковник Каддафиге билікке келуге көмектесті. Алайда, кейін ол Каддафимен араздасып, АҚШ-қа қашуға мәжбүр болды. Хафтар Ливияға 2011 жылы оралды. Ал, осыдан бірер күн бұрын «жаңа Муаммар» аттанған Хафтардың Ливия ұлттық армиясыТриполидің оңтүстігіне жетіп, халықаралық әуежайды басып алған.
Ахмед Мисмари, Ливия ұлттық армиясының өкілі:
- Триполи әуежайы мен Каср Бен Ғашир ауданын толық бақылауға алдық. Халықаралық әуежайға апаратын жолдар да біздің күштердің қолына өтті.
Үкімет бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, бұл соғыста Хафтардың жақтастары 14 содыр жоғалтса, үкімет тарапынан 21 адам мерт болған. Біріккен Ұлттар Ұйымы бейбіт халықты эвакуациялау үшін тараптарды екі сағаттық ымыра жариялауға шақырды. Бірақ қарулы жанжал жалғасып жатыр.
Антонио Гутерреш, БҰҰ бас хатшысы:
- Қатты алаңдататын, жанға бататын жағдай. Триполиде үлкен қантөгіске жол бермейміз деп әлі үміттенемін. Біріккен Ұлттар Ұйымы Ливияны біріктіретін кез келген саяси шешімді іздеуге күш салады.
Ал, АҚШ Ливиядағы шағын контингентін әкетіп жатыр. Және де Батыстың өзге елдері де азаматтарын эвакуациялауға кіріскен.
Ливияда 2011 жылы Муаммар Каддафи режимі құлағаннан кейін билікке талас басталды. Сол жанжалға қатысқан қарулы топтардың бір бөлігі халықаралық қауымдастық мойындаған әкімшіліктің, өзгелері шығысты бақылауға алған Хафтар жағында. Сонымен қатар, Хафтарды шетелде Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Ресей қолдап отыр.
Арыстан РЫСБЕК