Бүгін бүкіл әлем назары Жаңа Зеландияға ауды. Мұнда екі мешітке жасалған шабуылдан 49 адам қаза тауып, кемінде жиырма тұрғын жараланған. Жұма намазына жиналғандарға оқ жаудырғандардың біріне айып тағылды. Ал, дүниежүзі елдері сұмдық қантөгісті қатаң айыптап, құрбандардың туған-туыстарына көңіл айтып жатыр.
Шабуылшылар мешіттерге жұма намазы кезінде басып кірген. Мұндай үлкен қантөгіске әзірлікті Крайстчерч қаласының полицейлері қалай білмей қалғаны әзірге жұмбақ.
Күдікті мешіттердің біріне көлікпен бара жатқанын және оған кіргенін, оқ атқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Мұның алдында шабуылшы манифест жариялап, онда иммигранттарды айыптап, оларды басқыншылар деп атаған. Құрбандардың ішінде мигранттар мен босқындар көп. Қантөгістен кейін ел премьер-министрі мәлімдеме жасап, болған оқиғаны теракт деп сипаттады.
Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландия премьер-министрі:
- Анық жайт, қазір бұны тек террорлық шабуыл деп қана сипаттауға болады. Қастандық мұқият ұйымдастырылған болуы керек. Үш адам қамауға алынды. Олардың біреуі Австралияда дүниеге келген. Мұндай экстремистік көзқарастағы адамдарға Жаңа Зеландияда орын жоқ.
Қарулы адамдар «ән-Нұр» және «Линвуд Масджид» мешіттеріне жергілікті уақытпен күндізге сағат 13:45-те басып кіріп, шығар есіктерді жауып, оқ жаудырған. Шабуыл кезінде екі мешітте шамамен 500-дей адам болды. Кейін анықталғандай, мешіттердің біріне бангладештік крикет командасы кірмек болғанда, атыс жүріп жатқан. Дегенмен, олардың ешқайсы зардап шеккен жоқ. Полиция операциясы кезінде жақын маңдағы автокөліктерден жарылмаған бірнеше бомба табылды.
Қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, мектептер мен мешіттер жабылды. Ал, ұсталған австралиялыққа айып тағылған.
Әлем елдерінің лидерлері бүгін Жаңа Зеландия мешіттеріне жасалған шабуылдарды айыптап, құрбандардың туған-туыстарына көңіл айтып жатыр. Бүгін осындай мәлімдемелерді Twitter арқылы Еуропа Одағының өкілдері мен Ұлыбритания, Пәкістан, Австралия үкімет басшылары жасады.
Ал, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Крайстчерчтегі оқиғаны «Жаңа Зеландия қырғыны» деп атап, қатаң шаралар қолданылмаса, мұндай шабуылдардың әлемнің кез келген елінде, әсіресе, Батыста қайталануы мүмкін екенін ескертті.
Арыстан РЫСБЕК