Кашмирде оқ атылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кашмирде оқ атылды

28.02.2019

Гималай баурайындағы Кашмирде өткен түні Үндістан мен Пәкістан әскерлері бір-біріне үздіксіз оқ атты. Алайда, құрбандар туралы әзірге мәлімет түскен жоқ. Ал, шекара маңындағы тұрғындар қауіпсіз жерге қашып жатыр. Үндістан премьерінің партияластары Пәкістанға қарсы көбірек әскери шара қолдануға шақырды.

Сонымен қатар, пәкістандық Кашмирде мектептер мен университеттер жұмысын тоқтатып, Пәкістанның әуе кеңістігі жабылды. Көптеген азаматтық әуежайлар қызметін доғарып, ұшақтар өзге авиациялық терминалдарға жіберіліп жатыр.

Пәкістан да, Үндістан да – ядролық мемлекет. Сондықтан Пәкістан премьер-министрі Имран Хан мәлімдеме жасап, Үндістанды келіссөзге шақырып, қателік жібермеуге үндеді.

Имран Хан, Пәкістан премьер-министрі:

- Егер соғысқа жол берсек, оны мен де, Моди де тоқтата алмайды. Олар біздің территориямызға басып кірді. Ал, біз оларға мұндай істің біздің де қолдан келетінін көрсеттік. Тарихтан белгілі, соғыс басшылар ойлағаннан әлдеқайда ұзақ болады. Үндістанға мынадай сұрақ қойғым келеді: қолымызда қандай қару бар екенін білесіз, қателесуге қақымыз бар ма?

Сәрсенбі күні Пәкістан қорғаныс министрлігі мәлімдегендей, пәкістандық Кашмирде Үндістанның екі әскери ұшағы атып түсірілді. Олардың бірі пәкістандық, екіншісі үндістандық Кашмирге құлаған. Сонымен қатар, Исламабад тұтқындалған үнді пилотын көрсетті. Дели оны елге аман-есен қайтаруды талап етіп отыр. Үндістан «Миг-21» маркалы ұшағы мен бір ұшқышын жоғалтқанын растап отыр. Бұл оқиғаға байланысты Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал, осы елдің сыртқы істер министрі Бейжіңге сапарында Дели Пәкістанның әрекеттеріне ұстамдылықпен жауап қайтаратынын атап өтті.

Шумша Сварадж, Үндістан сыртқы істер министрі:

- Үндістан жағдайдың әрі қарай ушыққанын қаламайды. Сондықтан жауапкершілікпен, ұстамдылықпен әрекет етуді әрі қарай жалғастырады.

Үндістан мен Пәкістан 1947 жылдан бері үш рет соғысты. Сол жанжалдардың екеуі Кашмир үшін басталды. Негізінен мұсылмандар тұратын бұл аймақты Дели де, Пәкістан да толық бақылауға алғысы келеді.

Ал, осы айдың ортасында үндістандық Кашмирде жанкешті конвойды жарып, 46 үнді жауынгерін мерт қылды. Сол шабуылды «Мұхаммед армиясы» деген топ өз мойнына алғаннан кейін Үндістан Пәкістан аумағында содырларға қарсы әскери операция жүргізді. Алайда, ресми Исламабад бұл қарулы ұйымға өзінің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп, шекараны бұзғаны үшін Үндістаннан кек қайтаратынын ескерткен еді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу