Аргентина астанасы Буэнос-Айрестің көшелеріне ондаған мың адам шығып, президент Маурисио Макридің бюджетті үнемдеу саясатына наразылық білдірді. Мұндай акцияларды әрі қарай да өткізу жоспарланып отыр.
Макри билікке 2015 жылы келді. Содан бері Аргентинада коммуналдық және өзге қызмет түрлеріне субсидия қысқарып, электр қуаты мен газ құны 2 мың пайызға өскен. Сонымен қатар, демонстранттардың айтуынша, компаниялар жабылып, жұмыссыздар көбейіп, азық-түлік бағасы да шарықтап барады.
Айта кетсек, былтыр Аргентина экономикасы құлдырап, инфляция деңгейі 50 пайызға жетіп, ұлттық валюта – песо 50 пайызға әлсіреді.
Елді дағдарыстан шығару үшін президент Халықаралық валюта қорынан 57 миллиард доллар көмек алу туралы құжатқа қол қойды. Бірақ, сол несиенің шарты бойынша Макри үкіметі бюджет шығындарын азайтуға тиіс.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.