Трамп Сириядан Америка әскерін шығару туралы қаулыға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Сириядан Америка әскерін шығару туралы қаулыға қол қойды

24.12.2018

АҚШ-та Қорғаныс министрі ауысып жатыр. Сонымен қатар, бұл елдің президенті Дональд Трамп Сириядан Америка әскерін шығару туралы қаулыға қол қойды. Ал, Түркия керісінше, Араб Республикасының аумағына қарулы күштерін кіргізіп жатыр.

Анкара Сириямен арадағы шекараның ар жағын да, бер жағын да мықтап жатыр. Түрік әскері бұл жаққа түнде аттана бастады. Сириядағы адам құқығы жөніндегі обсерваторияның мәліметінше, Араб Республикасына Түркияның 50 шақты әскери техникасы кірген. Ал, таяуда ғана президент Реджеп Тайып Ердоған бұл мемлекеттің солтүстігіндегі күрд отрядтарына қарсы әскери операцияны бастамайтынын мәлімдеген-ді. Сонда танкілер, зеңбіректер, жауынгерлер көрші елге неге енді? Бұл сауалға нақты жауап жоқ.

Бірақ, жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп «Твиттер» арқылы хабарлағандай, ол Ердоғанмен «ұзақ әрі өнімді» әңгіме жүргізіп, Құрама Штаттар әскерін Сириядан «байыппен және жоғары деңгейдегі үйлесімділікпен» шығару мәселесін талқылаған. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Трамп мырзамен кездескенде, телефонмен әңгімелескенде мен екі елдің Сирия жанжалына қатысты ұстанымдарының бірдей екенін жеткіздім. Соңғы рет сөйлескенде де осыны айттым.

Анкара Америка контингентін қауіпсіз шығару үшін ғана Сирияға әскер кіргізді ме? Түркия президентінің әкімшілігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, Трамп пен Ердоған Сирияның АҚШ әскері тастап кеткен солтүстігін биліксіз қалдырмауға да келіскен.

Ал, Сирия оппозициясы өкілдерінің сөзінше, Түркия Пентагонның бақылауынан қалған аймаққа президент Башар Асадтың армиясы мен оның қарулы күштерін жақындатпау үшін Сирияның теріскейіне армиясын кіргізіп жатыр. Оның үстіне, Анкара бұл ауданда шоғырланған күрд жасақтарын Түркияда террористік ұйым деп танылған Күрдістан Жұмысшы партиясының одақтастары деп есептейді. Айта кетсек, Американың 2 мыңдай сарбазы мұнда «ДАИШ»-пен соғысқан күрд отрядтарына көмектесті. Ал, Қамышлы қаласы тұрғындарының сөзінше, Пентагон күштері кетсе, аймақта лаңкестер қайта бас көтеруі мүмкін.

Джуван Татар, Қамышлы қаласының тұрғыны:

- АҚШ-тың біздің аймақтан әскерді әкету туралы шешімі терроризммен күрес процесіне кері әсер етеді деп ойлаймын.

Бүгін белгілі болғандай, Трамп АҚШ сарбаздарын Сирия аумағынан әскету туралы қаулыға қойды.

Олардың Араб Республикасынан кетуін қолдамаған Пентагон басшысы Джеймс Мэттис отставкаға кетіп жатыр. Ал, Мэттистің орнына Трамп оның орынбасары Патрик Шанабаханды уақытша тағайындады. Шанабахан жаңа қызметіне қаңтардың 1-де кіріседі.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу