Дональд Трамп: Жауынгерлеріміздің үйге оралатын уақыты жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дональд Трамп: Жауынгерлеріміздің үйге оралатын уақыты жетті

20.12.2018

АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан Американың 2 мың жауынгерін әкететінін мәлімдеп, «ДАИШ» тобымен соғыста жеңіске жеткенін жариялады. Ақ үй басшысының бұл қадамы өз партияластары мен демократтарды және әскери басшылықты қатты таңқалдырып отыр. Олардың кейбірінің пікірінше, Трамп асығыс әрі қауіпті шешім қабылдады.

Пентагонның атын атамаған бір өкілі мәлімдегендей, Америка күштерінің Сириядан шығарылуы Ресейге геосаяси, ал Иранға аймақтық жеңіс сыйлайды.  

АҚШ Сириядағы соғысқа 2014 жылы араласты. Ал, оның сарбаздары «ДАИШ»-пен соғысқан күрд жасақтарына жәрдемдесіп, оппозицияның мыңдаған мүшесін әскери дайындықтан өткізді. Айта кетсек, жақында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Сирияның солтүстік-шығысында Құрама Штаттардың қолдауына сүйенген күрд отрядтарына қарсы операция бастайтынын ескертті. Ал, Трамп сол жасақтармен шайқасқан «Даиштың» күйрегеніне күмән келтіріп отырған жоқ.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Біз Сирияда ұзақ соғыстық. Менің президент атанғаныма екі жылдай болды. «ДАИШ»-ты жеңдік. Оларды талқандадық, аяусыз талқандадық. Жерді қайтардық, қазір жауынгерлеріміздің үйге оралатын уақыты жетті.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу