Аграрлық секторда 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аграрлық секторда 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

08.11.2014
Аграрлық секторда 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Себебі, мемлекет тарапынан қолдау барын сезініп отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары ең көп шоғырланған Павлодар ауданы биыл барлық бағыт бойынша облыста бірінші орынға шықты.

Әсіресе, көкөніс өсіру, малды асылдандыру, дайын өнім шығару бойынша айтарлықтай нәтижелер бар.

«Ақбура» шаруа қожалығында осыдан төрт жыл бұрын 150 ірі қара, 100-ге тарта жылқы болатын. Қазір қазақы ақ бас сиырдың саны 750-ге жетті. Қамбар ата түлігі 500-ден асты.

«Ақбуралықтар» ұсақ қожалықтарға асыл тұқымды мал түлігін сатып, мемлекеттен субсидия алып отыр.

Мүбәрәк Нәукенов, «Ақбура» шаруа қожалығының басшысы:

Мемлекеттік бағдарламалар өте көп. Сол арқылы біз де ауылды дамытуға көмектесіп жатырмыз. Мәселен, тракторларды 50 пайыз жеңілдікпен алдым. Шаруашылықта аналық мал саны 100 басқа жетсе, мемлекет осындай жеңілдік жасайды. Жазғы жайлауда артезиан суын қаздырдық. Шығынның 80 пайызын мемлекет қайтарып береді.

«Маяк» шаруа қожалығы суармалы картоп алқаптарын биыл 800 гектарға жеткізді. Егістікке қажетті судың 70 пайызын мемлекет төлейді. Сыйымдылығы 20 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салуға да субсидия бөлінді.

Марина Добычикова, «Маяк» шаруа қожалығы көкөніс базасының меңгерушісі:

Бұл жерде бес қойма тұр. 11 мың тонна картоп сақталады. 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Негізгі жұмыстар автоматты түрде заманауи техниканың күшімен атқарылады. Павлодар қаласының дәл іргесінде сыйымдылығы 10 мың тонналық қоймамыз тағы бар.

Биыл Павлодар ауданында құны 7,5 миллиард теңгеге жуық сегіз инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Асқар Әжмұрат, Павлодар аудандық әкімдігінің аппарат басшысы:

Аграрлық салаға инвестиция тарту арқасында Павлодар ауданында бір мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Бізге қожалық басшылары келіп, қандай мемлекеттік бағдарламалар бар? деп сұрайды. Өйткені, олар мемлекет қолдау көрсетеді деп үміттенеді.

Биыл аудан ет өндіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 11 мың тоннаға жуық сапалы ет еліміздің аймақтарына және көршілес Ресейге экспортталды. Бастысы, қала кәсіпкерлері ауылға инвестиция салуға бет бұрған.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу