Әлемдік экономикаға күрделі өзгерістер керек. Себебі, жаһандық нарық күні бүгінге дейін саясатқа тәуелді болып тұр. Соның кесірінен қазір әлемдегі түрлі санкциялар көп елдің экономикасына кері әсер етіп жатыр. Бұл туралы Италияда өткен Еуразиялық экономикалық форум кезінде айтылды. Мәселен, «Еуразияны тану» қауымдастығының президенті Антонио Фаллико өзара санкцияны доғарып, Еуразиялық одақ пен Еуропалық одақтың арасындағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға шақырды. Оның айтуынша, қазір Батыс мемлекеттері тарапынан Ресейге салынған шектеулер Еуразиялық экономикалық одақпен толыққанды әріптестік орнатуға кедергі келтіріп отыр.
Антонио Фаллико, «Еуразияны тану» қауымдастығының президенті:
- Енді сөзден іске көшетін кез келді. Мен Еуропалық Кеңестің желтоқсанда өтетін жиыны кезінде Италия Үкіметі өзінің санкцияға қарсы екенін ашық айтады деп үміттенемін. Бизнес қауымдастықтардың арасындағы әріптестік саясаткерлердің пікірін өзгертуі тиіс. Еуразиялық Одақ пен Еуропалық одақ бәсекелестікті қойып, ынтымастастыққа бет бұруы керек. Бұл - әлемдегі экономикалық және саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.