Бельгия халқы жаппай шеруге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгия халқы жаппай шеруге шықты

02.10.2018

Бельгиялықтар бүгін жұмысты қойып, жаппай шеруге шықты. Халық үкіметтің жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына наразылық білдіріп жатыр. Жаңа өзгертулерге сәйкес, зейнетке шығу жасы ұлғайтылып, зейнетақы баллдық жүйе бойынша тағайындалмақ.

Ереуіл Брюссель мен елдің тағы 5 қаласында өтіп жатыр. Кәсіподақ ұйымдарының басшылары бүгінгі шараға 50 мыңнан астам адам қатысады деп отыр. Жауын-шашынға, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, елдің түкпір-түкпірінен дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік сала мамандары, зауыт-фабрикалардың жұмысшылары әлі де келіп, қосылып жатыр. Қызметкерлердің жұмысқа шықпауының кесірінен бүгін бірқатар өндіріс тоқтап, мектептерде сабақ болмады. Қоғамдық көлік те сирек жүріп тұр. Өйткені, жүргізушілердің көбі осы жерде. Шерушілер үкіметтің жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына қарсы. Өздерінен естиік.

Даниель Депон, шеруге қатысушы:

- Біз үкіметтің зейнет жасын қазіргі 65-тен 67-ге дейін ұзартуын, зейнетақыны баллдық жүйе бойынша тағайындауын қолдамаймыз. Маңдай теріңді төгіп жұмыс істейсің, бірақ, қартайғанда қанша зейнетақы алатыныңды білмейсің. Тіпті ең төменгі зейнетақы алуың да әбден мүмкін.

Соален Де Крит, шеруге қатысушы:

- Бұл сұмдық. Еңбек өтілің, зауыт, фабрикада, ауыр өндірісте істегенің, бәрі ескерусіз қалады. Мен техникалық қызметкермін. Үнемі ауыр көтеріп, жоғарғы қабатта жүремін. 67 жасқа дейін қалай жұмыс істеймін? Бұған жол бермеу керек.

Ашынған халық үкімет үйін қоршауға алып, қазір сол жерде де наразылық шарасын өткізіп жатыр. Кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері бірер минуттан соң, Премьер-министр Шарль Мишельмен кездеседі. Көпшілік осы кездесуден көп үміт күтеді.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу