Ресейде шетелдіктерге таксимен айналысуға тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде шетелдіктерге таксимен айналысуға тыйым салынуы мүмкін

02.10.2018

Бұдан былай Ресей аумағында шетел азаматтары таксист болып жұмыс істей алмауы мүмкін. Көрші елдің Парламенті жолаушылар тасымалымен айналысуға тек ресейліктерге ғана рұқсат беретін заң жобасын қабылдау керек деп отыр. Осы арқылы олар бірінші кезекте жол апатын азайтамыз десе, екінші жағынан «шетелдіктер жергілікті жұрттың жұмысына ортақтаспайды» деген ойда.

Ресейдің қазіргі заңы бойынша кез келген елдің азаматы мобильді қосымшаға тіркелу арқылы, жеке машинасымен немесе жалға алған жеңіл көлігімен жолаушы тасымалдай алады. Тасымалдап та жүр. Алайда, енді оларға тыйым салынуы мүмкін. Себебі, Ресейдің Мемлекеттік Думасы шетелдіктердің жолаушылар тасымалы саласындағы қызметін шектейтін заң жобасын қабылдауды ұсынып отыр. Бұл туралы бастама көтерген депуаттардың айтуынша, шетелдік такси жүргізушілері заңды жиі бұзады. Ал, жол апаты болған кезде рөлде басқа елдің азаматы болса, ол тіптен жауапкершіліктен қашып, өз еліне кетіп қалады. Мұндай жағдайда зардап шеккен жолаушы өтемақы ала алмайды. Сондықтан, мамандар бұл келеңсіздікті тоқтату керек деп отыр.  

Илья Зотов, Бүкілресейлік жолаушылар бірлестігі төрағасының орынбасары:

- Такси жүргізушілері тәулігіне орташа есеппен 6 мыңнан 10 мың рубльге дейін табыс табады. Алайда, шетелдік жүргізушілердің көпшілігі жол ережесін білмейді. Олар өз елдерінде жүргізуші куәлігін сатып алған. Олар тіпті қаланы да жақсы білмейді. Оның үстіне орысша нашар сөйлейді. Сондықтан, біздің ойымызша, шетелдік азаматтарға жолаушы тасымалдауға тыйым салу керек немесе олар осы жерде сынақтан өтіп, ресейлік үлгідегі жүргізуші куәлігін алсын.

Ресей тарапының таксист болып жүрген шетелдіктерге шүйлігетін жөні бар. Себебі, жолаушы тасып, табыс тауып жүрген шетелдіктер, бұл елде шынымен де көп. Мәселен, бейресми деректер бойынша Мәскеу қаласындағы такси жүргізушілерінің 50 пайыздан астамы Тәжікстан, Өзбекстан әсіресе, басым бөлігі Қырғызстан азаматтары. Сондықтан, депутаттар, шетелдік таксистерге тыйым салсақ, олардың босаған орнына ресейлік азаматтар келеді деп отыр. Алайда, бұл жерде бір қайшылық бар. Себебі, Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, бұл мемлекеттің азаматтары осы одақтағы кез келген елде, соның ішінде Ресейде де жұмыс істеуге құқылы. Сондықтан, бұл заң жобасы Парламент қарауына түскен күннің өзінде, дәл қазіргі қалпында қабылдануы неғайбыл дүние.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу