Украина президенті Ресеймен Достық келісімін бұзу туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, екі православтық мемлекет арасында діни байланыс та үзілуге жақын. Киевтің шіркеу мәселесіндегі шешімі Беларуське де үлгі болғандай.
Украина Ресеймен арадағы Достық, ынтымақтастық, серіктестік туралы келісімнен шығатынын Мәскеуге ресми түрде қыркүйектің 30-на дейін ескертеді. Ал, президент Петр Порошенко бұл туралы қаулыға дүйсенбі күні қол қойды. Демек, жарты жылдан кейін яғни, 2019 жылы сәуірден бастап, ол келісім өз күшін жояды.
Украина мен Ресей Достық пәтуасына 1997 жылы мамырдың 31-де қол қойды. Мемлекетаралық құжат стратегиялық серіктестік принциптері мен шекаралардың мызғымастығын бекітіп, тараптардан бір-бірінің территориялық тұтастығын құрметтеуді талап еткенді. Қазір Украина үшін Ресей дос емес, басқыншы мемлекет.
Петр Порошенко, Украина Президенті:
- Ресей Украинаға соғыс ашқаннан бергі төрт жылда бәріміз бірігіп, елімізді күшейттік. Ұлтымыз мемлекетті қорғау мен патриотизм негізінде күш біріктіріп отыр.
2014 жылы Ресей Қырымды өз қарамағына алды. Сонымен қатар, Украина үкіметінің мәлімдеуінше, Мәскеу Донбасста сепаратистерге көмектесіп, соғысқа тікелей қатысып, әлі күнге дейін елдің шығысынан өз күштерін әкетпей отыр.
Ресей болса, сепаратистерді қолдады деген мәліметті жоққа шығарып, Қырымды аннексиялауды «қайта қосылу» деп сипаттап келеді.
Кремльдің ойынша, Украинаның достықты үзуі ақылға қонымсыз және де мұндай шешім екіжақты қатынастарды нашарлатады.
Бүгінде Ресей мен Украина арасында діни байланыс та үзіліп жатыр. Жақында Украина православтық шіркеуі Константинополь Дүниежүзілік патриархатына Мәскеуден тәуелсіздік алу туралы өтініш жасады. Стамбұлдағы патриархат болса, Киевтің бұл арызын қазан айында қанағаттандырады деген болжам бар. Сондықтан, Ресей православтық шіркеуі бұл патриархатпен барлық байланысты тоқтататынын ескертіп отыр.
Метрополит Иларион, Ресей православтық шіркеуінің қызметкері:
- Егер мұндай әрекет жалғаса беретін болса, біз онымен қатынасты толық доғарамыз. Бұл нені білдіреді? Дүниежүзілік партриархат планетадағы 300 миллион плавославтық христианның атынан өкілдік етіп отыр. Енді ол сол адамдарға жетекшілік ете алмайтын болды.
Соңғы күндері белгілі болғандай, Украинадан қалыспай, Беларусь шіркеуі де Мәскеуден бостандық алуға ниетті. Өйткені, бұл діни мекеме өзін Ресей православтық шіркеуінен бұрын құрылды деп есептейді. Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, Минскке мұндай мақсатқа жету оңай болмайды. Өйткені, Беларусь билігі экономикалық, саяси, рухани тұрғыдан Ресейге бағынышты.
Арыстан РЫСБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.