Әлемдік қаржылық дағдарысқа -10 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік қаржылық дағдарысқа -10 жыл

12.09.2018

Қыркүйектің 15-де дүниежүзілік қаржылық дағдарыстың басталғанына тура 10 жыл толады. Осы дағдарыс салдарынан әлемдік экономика Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет кері кетіп, көлемі қысқарды. Халықаралық сауда 10 пайызға кеміді. Бұл оқиғаны кейбір мамандар өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы болған, тарихта «Ұлы күйзеліс» деген атпен қалған дағдарыспен салыстырып жатады.

Сенбі күні әлемнің қаржы дағдарысына ұшырағанына тура 10 жыл толады. 2008 жылы қыркүйектің 15-де Американың капиталы 600 миллиард долларға бағаланған «Леман Бразерс» инвестициялық банкі күйреп, өзін банкрот деп жариялады. Өйткені, ол берген ипотекалық несиелердің айтарлықтай бөлігі қайтпады. Ал, тәркіленген үйлердің көбі өз бағасына да өтпеді. 

Гарри Уайт, инвестициялық комментатор:

- Олар кім болса, соған несие берді. Табысы жоқ, жұмысы жоқ, мүлкі жоқтардың өзі үй алып, оның құнын қайтара алмады.  Бұл проблема қаржылық дағдарысқа алып келді.

Ал, мұның алдында «Фэнни Мэй», «Фредди Мак» тәрізді ипотекалық алыптарға көмектесуге келіскен Конгресс «Леман Бразерсті» құтқарудан бас тартты. Неліктен? Бұл сауалға әлі күнге дейін жауап жоқ. 

«Бразерс» банкроттығын мойындағаннан кейін АҚШ орталық банкі осындай жағдайға ұшыраған банктерді қолдауға 700 миллиард доллар сұрады. Алайда, Конгрестің төменгі палатасы 2008 жылы қыркүйектің 29-да бұл жоспарға қарсы дауыс берді. Осы хабардан кейін ел экономикасына сенім сетінеп, акцияға қызығушылық төмендеп, Нью-Йорк биржасында Доу-Джонс индексі бір күнде 778 пунктке түсіп, 1 триллион 200 миллиард доллар желге ұшты. Осылайша, әлемде экономикалық дағдарыс басталды.

Қазақстан үкіметі де банктерді құтқару үшін миллиардтаған доллар жұмсады. Бұл дағдарыс еліміздің қаржы институттарына үлкен сабақ болды.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

- Банктердің өз құрылтайшылары мен салымшыларының алдындағы жауапкершілігін арттыруды үйрендік. Сол кезде бізде «Альянс –банк», «Темірбанк», «БТА» тәрізді банктер 2000-2007 жылдардағыдай дамып кете береміз деп ойлады.  Үй құрылысы жөніндегі кредиттер өте көп беріліп кетті. Менің есімде бар, «Альянс-банк» әрбір аялдамада кредитті еркін бере бастады. Осы мәселерді біз 2008 жылғы дағдарыстан үйрендік, көрдік. Олардың жауапкершілігінің жоғары болуын түсіне бастадық. Екіншісі – салымдарды сақтандыру жүйесін енгіздік.

2008 жылы Америкада басталған дағдарыс өзге елдерде қаржы тапшылығына ұласып, әлем бойынша мыңдаған компания жабылып, миллиондаған адам жұмыстан айырылды. Сол дағдарыс қайталануы мүмкін бе? Қазір Түркиядан, Аргентинадан капитал қашып, олардың мемлекеттік және корпоративтік қарыздары өсіп келеді. Венесуэла, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Африканың да жағдайы мәз емес. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард мәлімдегендей, мұның бәрі ғаламдық өсім мен дамуды әлсіретуі мүмкін.

Ал, Британияның бұрынғы қаржы министрі Элистар Дарлингтің ойынша, әлемде жаңа дағдарыс тура бұрынғы жолмен қайталанбай, хакерлердің әрекетінен де келуі мүмкін. Және де дүниежүзінің қаржы жүйесі мұндай кибершабуылдар алдында дәл қазір осал болып тұр.

Арыстан РЫСБЕК     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу