Әлемнің дамушы нарықтарын қаржылық тұрақсыздық дендеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің дамушы нарықтарын қаржылық тұрақсыздық дендеп барады

06.09.2018

Бүгінде әлемнің дамушы нарықтарын қаржылық тұрақсыздық дендеп барады. Мұндай жағдайға түбі бір түрік елі мен мен жырақтағы Аргентина ғана емес, Оңтүстік Африка мен Индонезия және тағы мемлекеттер душар болып отыр. Тіпті 1990 жылдардың соңында Азияны шарпыған терең дағдарыс қайталана ма деген қауіп те бар. Бақылаушылар дамушы елдерде мұндай ахуалдың қалыптасуына «әлемнің жетекші экономикалық державасы - Америка Құрама Штаттары Орталық банкінің жаңа монетарлық саясаты негізгі себеп болып отыр», дейді.

Аргентина отбасылары 30 пайыздық инфляциядан жапа шегіп отыр. Түркияда талай компания доллармен алған қарызы өсіп, банкрот болуға жақын. Оңтүстік Африка Республикасында экономика 0,7 пайызға қысқарып, 2009 жылдан бері алғаш рет рецессия басталды.

Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады.

Биыл қаржылық тұрақсыздық әлемнің көптеген дамушы экономикаларын шарпыды. Сондай-ақ, қарқыны күшті, бірақ, дағдарыстар алдында осалдау елдерде инвесторлардың көңілі елең-алаң. Өйткені, пайыздық үстеме көтерілді, сауда соғысы жалғасып жатыр. Аргентина валютасы 2018 жылы өз құнының жартысын жоғалтқан екен. Сондықтан, Буэнос-Айрес Халықаралық валюта қорынан көмек сұрауға мәжбүр.

Алиса Гонсалес, Буэнос-Айрес тұрғыны:

- Бәрі қымбаттады. Күнде үнемдеуге мәжбүрміз. Деликатес жеуден қалдық. Әйтеуір жарық пен газды, телефонды өшірмесе деп отырмыз.

Түрік ақшасының нарқы да осынша әлсіреді. Валюталардың құнсыздануы кейбір акция нарықтарында сенімді сетінетіп, Индонезияның басты индексі сәрсенбі күні 4 пайызға түсті. Ал, Иранда осы аптада 1 доллар 150 мың риалға дейін қымбаттаса, Венесуэланың боливары бар бағасынан айрылып, терең рецессия мен гиперинфляциядан мыңдаған адам көрші елдерге қашып жатыр.

Сондықтан, Латын Америкасында қазір 2015 жылы Жерорта теңізін жайлаған миграциялық  дағдарысқа ұқсас жағдай қалыптасып отыр.

Алаңдататын бір жайт – дамушы нарықтар осылай орасан шығынға бата беретін болса, әлемнің қаржы жүйесі теңселіп, 1990 жылдары Азияның бірнеше елін көмек сұрауға мәжбүр еткен дағдарыс қайталануы мүмкін деген қауіп бар.

Майкл Шифтер, Америка-аралық диалог ұйымының президенті:

- Латын Америкасы мұндай жағдайды бұрын көрген емес. Кейбір мәліметтерге қарағанда, соңғы бірнеше жылда Венесуэладағы экономикалық дағдарыстан 2 жарым миллиондай адам қашқан.

Ashmore Investment Management компаниясы мамандарының мәліметінше, бүгінде дамушы елдер он жыл бұрынғы қаржылық дағдарыстан бергі ең үлкен тұрақсыздыққа душар болып отыр. Оның басты себебі - АҚШ Федералдық резерв жүйесі пайыздық үстемені үздіксіз көтеруге көшті.

2008 жылғы дағдарыстан кейін экономиканы өсім жолына қайтару үшін Америка Орталық банкі пайыздық ставканы нөл пайызға жуық деңгейде ұстап келді.  Бұл жағдай инвесторларға шетелдік активтерді арзан ақшаға сатып алуға жол ашып, банктерді дамушы елдерге несие беруге ынталандырды. 

Бірақ, қазір Америка экономикасының жағдайы жақсы. Демек, оған арзан несие қажет емес. Сондықтан, биыл маусымда АҚШ-та пайыздық үстеме 1,75-2 пайызға дейін өсті. Әрі қарай да өсе бермек. Алайда, доллардың мұнша қымбаттауы дамушы елдердің жағдайын қиындатып отыр. Сондықтан, банктер мен инвесторлар бұл мемлекеттерден ақшасын әкетіп жатыр. Ал, доллар азайса, оның құны өсіп, ұлттық валюта әлсірейтіні белгілі.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу