Сирияның Идлиб провинциясындағы оппозициялық күштерге үкімет әскері соққы бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирияның Идлиб провинциясындағы оппозициялық күштерге үкімет әскері соққы бермек

04.09.2018

Сирия әскері ресейлік және ирандық одақтастарымен бірігіп, оппозицияның соңғы бекінісі – Идлиб провинциясын қайтаруға әзірленіп жатыр. Бұл - жеті жылдық соғыстағы шешуші шайқас болайын деп отыр. Ол алапат гуманитарлық дағдарысқа ұласады деген қауіп бар. Соған қарамастан, президент Башар Асад үкіметі мәлімдегендей, Сирия армиясы Батысқа арқа сүйеген террористерді жойып, елді толық бақылауға алуға дайын. Түркия алаңдаулы. Өйткені, оның аумағына тағы сан мың босқын өтуі мүмкін.

Құрлықта Сирия үкіметі сан мың бозбаланы сапқа тұрғызып жатыр. Теңізде Ресейдің әскери флотиласы отты соққысымен соғысқа араласуға әзір. Ал, миллиондаған бейбіт адам үрей құшағында. «Нью-Йорк Таймс» газеті Идлиб провинциясы үшін шешуші шайқасқа дайындықты осылай сипаттаған.

Сирияның солтүстігіндегі Идлиб – АҚШ пен Еуропаға және сүнниттік Араб монархияларына арқа сүйеген оппозиция қолындағы соңғы провинция.

Асадтың қарсыластары Алепподан, Гутадан және тағы басқа аудандардан айрылғанда, мұнда үкіметке бағынғысы келмеген миллиондаған адам қашып барды. Президент Башар Асад Иранмен, Ресеймен бірігіп, әскери операцияны бастайтын болса, Идлибте сан мың адам қырылып, миллиондағаны босып кетуі мүмкін.

Ян Эгеланн, БҰҰ-ның Сириядағы гуманитарлық жағдай жөніндегі кеңесшісі:

- Гутадан, Алепподан, Раккадан сабақ алыңыздар. Соғыс қантөгіспен емес, келісіммен аяқталуы керек.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Ресей мен Иранды Идлибке қарсы жойқын шабуылдан бас тартуға шақырды. Ақ үй басшысының  «Твиттерде» жарияланған жазбасына қарағанда, бұл шайқаста жүздеген мың адам мерт болып, гуманитарлық қателік жасалайын деп отыр.

Рим Папасы Франциск те мәлімдеме жасап, Сириядағы жанжалдасушы тараптарды бейбіт халықты сақтауға шақырды.

Ал, ЮНИСЕФ-тің болжамынша, Идлиб операциясы кезінде миллионнан астам балаға қауіп төнуі ғажап емес. Алайда, Ресей үшін де, Иран үшін де, Сирия үкіметі үшін де Идлибті басып алғандар – террористер. Сондықтан, олар жойылуы керек.

Уәлид Әл-Муалем, Сирия Сыртқы істер министрі:

- Сирия үкіметі бұл шешімді Идлибтегі «ән-Нұсра» террористік тобын жою үшін қабылдады.  Әрине, бейбіт халықты қырғынға ұшыратпауға бар күшімізді жұмсаймыз.

Сириядағы соғысты тоқтату жөніндегі «Астана үштігіне» Ресей, Иран, Түркия кіреді. Алайда, соңғысы Идлиб операциясын қолдап отырған жоқ. Өйткені, бұл әскери науқан басталатын болса, Идлибтегі 3 миллионға жуық адамның талайы Түркияға қашуы мүмкін. Өйткені, оларда басқа баратын жер жоқ. Айта кету керек, Анкара бұған дейін Сириядан 3 миллионнан астам босқын қабылдады. Оның үстіне, Түркияның экономикалық жағдайы мәз емес: лира әлсіреп, инфляция күшейіп келеді. Ал, жұма күні президент Реджеп Тайып Ердоған Ресей және Иран президенттерімен кездесіп, Астана процесі аясында Сирия мәселесін соңғы рет талқылайды.

Болжамдарға қарағанда, Идлибте Асад армиясымен және оның ресейлік, ирандық одақтастарымен 30 мыңдай көтерілісші соғысуға дайын. Олардың қатарында сан мың шетелдік содыр бар.

 

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу